Қарағанды облысында энергия үнемдеу бағытында жобалар жүзеге асырылуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігі мен Электрэнергетика және энергия үнемдеуді дамыту институты өзара серіктестік жайлы меморандумға қол қойды. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Облыс орталығында «Өнеркәсіптегі энерготиімді салааралық технологиялар» тақырыбында семинар өтті. Шара ҚР Индустрияландыру күніне орайластырылды. Семинарды «Электрэнергетикасын және энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ Неміс энергетика агенттігімен серіктесе отырып ұйымдастырды.

Семинарға бизнесмендер, мемлекеттік қызметкерлер және сарапшылар қатысты. Қатысушылар қуат үнемдеу саласындағы міндеттер мен мәселелерді талқылап, сонымен қатар іс жүзіндегі проблемаларды ортаға салды. Неміс өнеркәсіптерінде пайдаланылатын энерготиімділікті жоғарылату технологиялары туралы сарапшы Лина Ужшилайтите-Шульте айтып берді.

Тақырыптың өзектілігін облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров атап өтті.

- Қарағанды облысы ең энергия сыйымды аймақтардың бірі болып табылады. Түрлі институттармен бірге біз энергия үнемдеу бағытында жұмыстар атқарып жатырмыз. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағыты бойынша бірқатар бастамалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр,- деді ол. - Жаңалықтарды пайдалану - күрделі мәселе. Инженерияны сәйкестендіру қажет. Заңнамалық базамен байланысты да кейбір проблемалар бар.

Ұйымдастырушылардың пікірінше Қарағанды облысында энеготиімді жобалар алғашқы жемістерін беріп жатыр. Электрэнергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты аймаққа осы бағытта жұмыстарды дамытуға көмектесуге дайын екендерін жеткізді - семинарда серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар