Қарағанды облысында барымташылар бір ауылдың малын түгел айдап әкеткен

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Барымташылардың кесірінен Нұра ауданының Ахметауыл ауылы малсыз қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Нұра аудандық ішкі істер органдарына хабарласқан жылқышы ауылдан 8 шақырым жердегі жайлауда жайылып жүрген 93 жылқыны барымташылар айдап кеткенін айтты», - деп мәлімдеді облыс ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.

Жедел ісздестіру шараларының нәтижесінде барымташылар Ақмола облысының Аршалы ауданында ұсталған.

«35 пен 49 жас аралығындағы бес күдікті ұсталды. Олар жасыруға қолайлы болуы үшін үлкен үйірді бірнеше бөлікке бөлгенін мойындады. Қарағандылық полицейлер Ақмола облысындағы әріптестерімен ынтымақтастықта Аршалы ауданының Жібек Жолы, Бұлақсай, Сарыоба, сондай-ақ Шортанды ауданының Шортанды ауылына жасырылған жылқыны қайтарды», - деді Бақытжан Құдияров. Күдіктілер Нұра аудандық ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына жіберілді. Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық»), 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Полиция тұрғындарды малын тіркеуге алып, әрбіріне таңба басуға, сондай-ақ жайылымдағы малды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Соңғы жаңалықтар