Қарағанды облысында 90-жылдары бос тұрған үйлерге қоныстанғандар оларды меншіктей алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 90-жылдары бос тұрған үйлерге өз еріктерімен кіріп алған азаматтар енді оларды меншіктей алады. Бұл туралы бүгінгі брифингте Абай ауданы прокурорының міндетін атқарушы Айдар Досмақов мәлім етті, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

- Біздің орталықтар мен ауылдарда азаматтардың 1990-2000-шы жылдары бос тұрған пәтерлерге кіріп, онда ұзақ уақыт тұрып жатқан жағдайлары көптеп кездеседі, - дейді ол. - Бірақ бір мәселе бар, ол азаматтар пәтерді өз атына аудара алмайды. Егерде пәтердің бұрынғы иесі пайда болса, онда қаншама жыл осы пәтерде тұрып, оны баптап күткен азаматтар пәтерден шығарылады.

Осындай азаматтардың мүддесін қорғау үшін Абай ауданының прокуратурасы қаншама жыл пәтерде тұрып, оған жөндеу жұмыстарын жасаған адамдарға сол пәтерді меншігіне алуға мүмкіндік тудыратын механизмді ойлап тапты. Қарағанды облысының соттары осы алгоритммен танысып, онымен келісті.

Үйді жекешелендірудің екі жолы бар. Егер тұрғын үйдің бұрынғы иесі анықталмаса, онда пәтерді коммуналдық жекеменшікке өткізу керек, кейін жалдау шартын рәсімдеп, ары қарай үйдің қалдық бағасын төлеп жекешелендіруге болады. Ал егер пәтер иесі белгілі болса, онда өз еркімен пәтерде тұрып жатқан азаматтар пәтер иесінің құқын тоқтату бойынша өтінішпен жергілікті атқарушы мекемеге барулары тиіс. Осыдан кейін тұрғын үйді коммуналды жеке меншікке өткізіп, ары қарай жекешелендіру үшін жалдау шартын жасаулары керек.

Прокурордың сөзінше, бұл сызба іс жүзінде сынақтан өткен.

- Абайда біз 15 жыл бұрын өз еркімен бос пәтерге кіріп алған азаматшаны таптық, - дейді ол. - Жалғыз басты ана төрт баланы асырап отыр. Ол тұрақты түрде коммуналдық қызметтер төлемін төлеп, осы жылдар бойы пәтерді жөндеп отырған. Оның атынан біз пәтерді коммуналды жеке меншікке өткізуге, кейін жалдау шартын рәсімдеуге өтініш бердік. Осылайша, шарт мерзімі аяқталған соң азаматша Иванова пәтерді жекешелендіре алады. Іс барысында аудан әкімінің орынбасары мен ТҮКШ маманы Иванованың сыртынан оның пәтірін жекешелендіріп алғандығы анықталды. Қазір олар қылмыстық жауапқа тартылды және мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

Әзірге бұл алгоритм тек Қарағанды облысында ғана қолданылуда. Бірақ болашақта ол республика бойынша таралуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар