Қарағанды облысы Қазыбек бидің 350 жылдығын жоғары деңгейде атап өтпек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Егіндібұлаққа жұмыс сапары барысында Ерлан Қошанов Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыстарының барысымен танысып қайтты, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты .

Аймақ басшысы қазақтың ғұлама биі және шешені, қоғам қайраткері Казыбек бидің 350 жылдығына орай салынған стелланы қарап шықты. Дәл осы нысанның салтанатты ашылуынан мерейтойлық шаралар бастау алады. 

- Мені Егіндібұлақтың тұрғындары біздің ғұлама бабамыздың 350 жылдығына тыңғылықты дайындалып жатқаны қатты қуантады, - деді Ерлан Қошанов. - Бұл ауқымды шара тек Қарқаралы ауданы мен Қарағанды облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан тұрғындары үшін де үлкен маңызға ие. Біз барлығымыз осы мерекенің лайықты өтуіне үлесімізді қосуымыз қажет. 
Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы - қазақ халқының XVII - XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін Болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек - есімдері елге белгілі әділ билер болған.
350 жылдық мерейтойды атап өту 19 тамызда Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ кентінде басталады. Ауыл маңында жүздеген ақшаңқан киіз үйлер тігіледі. Мерекелік шаралар Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қою және құран бағыштаудан басталады. Көрермендер назарына мерекелік концерт пен спорттық сайыстар ұсынылады. 
Бұл күні Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: «Бабаларға тағзым!» автокеруені бастау алады. 28 керуенге қатысушылар 7 көлікпен Қарқаралы, Бұқар Жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Ташкент, Науаи, Шымкент, Тараз, Балқаш қалалары, Ақтоғай және Шет аудандары арқылы өтеді. Ал 30 тамызда Қарағанды қаласында мәреге жетеді. 
20 тамызда Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Қазақстанның ақындары қатысатын халықаралық айтыс болады. Дәстүрлі тойлау қазақша күрес және бәйге спорттық жарыстарымен жалғасады. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар сыйлық ретінде актокөлік, мотоцикл, квадроцикл және тұрмыстық техника табыс етеді. 
Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау осымен тәмамдалмайды. Үш ай аралығында түрлі халықаралық конференциялар өткізу, жыршы-термеші республикалық байқауын ұйымдастыру, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында өзара серіктестік туралы меморандум жасау, Қарағанды облысы делегациясының Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне ресми сапары, еске алу асы, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Қазыбек би» спектаклінің премьерасы, Қазақстан Ұлттық мұражайының қорынан Қаз дауысты Қазыбек бидің шапаны көрсетілетін көрменің ашылу салтанатын өткізу, 2 томдық кітап шығару, деректі фильм, және фотоальбом шығару жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар