Қарағанды бизнесмендері банктердің жұмысына шағымданды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды кәсіпкерлері тұрмыстық қызмет төлемдерінің қымбаттығына, сақтандыруға кететін шығындарға, сондай-ақ кепілдік мүліктің құнын бірнеше есе еш себепсіз төмендететін жеке банктердің «қыңырлығына» шағым білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облысындағы «Нұр Отан» партиясының филиалында кәсіпкерлік туралы ашық әңгіме өрбіді.

«Жас кәсіпкерлерге бизнесті бастау қиынға соғып жатыр, себебі банктер кепілдіксіз несие бермейді, - деді облыстық мәслихаттың депутаты, қаржы және бюджет бойынша тұрақты комиссия мүшесі Төреқожа Тілемісов. - Ал, егер кәсіпкер қандай да бір нысанды ұсынса, банктің бағалаушылары мүліктің шынайы нарықтық бағасын төмендетеді».

Кіші және шағын бизнес өкілдері тек кәсіпкерлермен жұмыс істейтін банк құруды ұсынды. Олар мамандандырылған қаржы институтының бизнестің барлық қиындықтарын түсініп, кәсіпкерлерге несиелеу амалдарын оңтайландыратынына сенім білдірді.

Тағы бір аталып өтілген мәселе - бизнесмендерге үлкен қаржылық жүктеме артылған. Серік Санаубаевтың пікірінше, табыс салығы, әлеуметтік салық, сақтандыруға жұмсалатын шығындар, тұрмыстық қызмет төлемдерінің жоғарылығы - кәсіпкерлікке «кедергі келтіруде».

«Қазір жаңа Салық кодексін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өте дұрыс, себебі қазіргі Салық кодексін тәжірибеде қолдану өте қиын», - деп атап өтті «Қарағанды облыстық кәсіпкерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры. 

Соңғы жаңалықтар