Қанат Бозымбаев отын-энергетикаға қанша инвестиция тартылатынын мәлімдеді

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы жылдары энергетика саласына тартылатын инвестициялардың 97 пайызы жеке секторға тиесілі болады. Бұл туралы бүгін Астанада XI Еуразиялық KAZENERGY форумында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқапарат.

«Алдағы жылдан бастап мұнай мен газ саласында жер қойнауын пайдалануға келісімшарттардың барлық түрлерін оңтайландыруды қарастырып отырмыз. Осы ретте оларды бекіту мерзімін қысқартып, көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды, мұнайгаз шикізатының қоры бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшуді іске асыру көзделген", - деп тоқталды Энергетика министрі.

Сонымен қатар ол мұнай өңдеуде энергия тиімділігінің жобалары енгізіліп жатқанын, мұнай өңдеуші зауыттардың үш жылда бір рет жөндеу кезеңіне көшірілгендігін  атап өтті.

«Отын-энергетикалық сектордың бастамасы бойынша инвестициялардың жалпы көлемі алдағы, яғни 2017-2025 жылдары 19 тлрн теңгеден астам қаржыны құрауы тиіс. Оның ішінде 97 пайызы жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етіледі. Жалпы Қазақстан стратегиясы тек дәстүрлі энергетиканың жоғары көрсеткіштеріне ғана емес, сонымен қатар кезең-кезеңмен баламалы әрі жаңаратын энергия көздерін дамытуға бағытталған. Соңғы жылдар баламалы энергетика көптеген елдердің үкіметтері тарапынан қолдауға ие болды, осы орайда Қазақстан да энергиялық балансқа баламалы және жаңаратын энергияны белсенді түрде енгізуге бағыт алды. Бұл тұрғыда 2020 жылға қарай жалпы көлемде оның үлесі 3 пайызды, 2030 жылға қарай 10 және 2050 жылға қарай 50 пайызды құрайтын болады. Мұнайгаз саласында бұрыннан тиімді ынтымақтастық орнатқан ірі корпорациялардың тәжірибесі бізге осы салада да пайдалы болады деп санаймыз. Сондықтан біз тиісті келіссөздерді жүргіздік және көптеген компаниялар аталған салада Қазақстанда өз іс-қимылдарын арттыруға ниетті", - деді Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар