Какау орнына Кака келеді: Алматылық «Қайраттың» бас бапкері ауысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі, 18 наурыз күні Алматының «Қайрат» футзал клубы жаңа бас бапкердің тағайындалатыны туралы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Жалпыкомандалық кеңесте клуб президенті Қайрат Оразбеков 2017/2018 маусымының соңында бас бапкер Какауның келісімшарты аяқталатынын мәлімдеді. «Қайраттың» жаңа бас бапкері бразилиялық Кака болмақ. Ол бүгінде «Газпром-Югра» ресейлік клубының бас жаттықтырушысы болып табылады және ондағы қызметін Ресей чемпионатынан кейін аяқтамақ. Кака жаңа жұмысына 2018/2019 жылғы маусымнан бастап кіріседі.

Еске салайық, Какау «Қайратқа» 2013 жылдың ақпанынан жетекшілік етті. Оның басшылығындағы клуб соңғы бес жылда УЕФА кубогын, Әлемнің Суперкубогын, Қазақстанның үш Суперкубогын, төрт Еременко кубогын, Қазақстанның бес Кубогын жеңіп алды және бес рет Қазақстан чемпионы болды.

Каканы алматылық «Қайраттың» бас бапкері ретінде ресми таныстыру наурыз айының соңында өтеді.

Пауло Рикардо Фигейро Силва (Кака) Бразилия азаматы. 1977 жылдың 4 наурызы күні дүниеге келген. Бапкерлік мансабы: Әзербайжан ұлттық құрамасы (2012 г), ресейлік «Газпром-Югра» (2012 - 2018 жж). 

Соңғы жаңалықтар