«KADEX - 2018» көрмесінде отандық және әлемдік ғарыш саласының жетістіктері қойылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  23-26 мамыры аралығында Астана қаласындағы Халықаралық әуежайдың әскери секторы аумағында «KADEX - 2018» қару-жарақ және әскери-техникалық V халықаралық көрмесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласының 20 жылдығына орай «KADEX - 2018» көрмесі жаңа форматта өтеді.  Аталған іс-шара ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қамқорлығында өтетін алғашқы көрме.

Биылғы жылғы көрмеде әлемнің жетекші өндірушілерінің қару-жарақ және әскери техникалары ұсынылатын болады. «KADEX - 2018» көрмесіне келушілер қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыш саласының соңғы жетістіктері мен келешегі бар ғылым жаңалықтарымен таныса алады.

«KADEX - 2018» көрмесінің өзгеше жаңалығы оның аумағында «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумының өткізілуі болмақ. Тұңғыш рет көрмеде отандық және әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған жеке павильон болады.

Көрменің алғашқы күні «KADEX - 2018» эмблемасымен бірге арнайы пошта мөрі соғылған конверттегі Қазғарыштың 25 жылдығына арналған пошталық марканы айналымға шығару рәсімі өтеді. Кез келген адам естелікке көрме аумағынан  марка мен пошта мөрі соғылған конверт ала алады.

Онда қару-жарақ үлгілерін көрсетуден бөлек, бағдарламаның іскерлік бөліміне де назар аударылады. Бағдарламаның ғылыми-іскерлік бөлімінде жалпы және секциялық отырыс, конференция, «дөңгелек үстел» форматында барлық елдердің мамандары қорғаныс және қауіпсіздік, әлемдік ғарыш саласын дамыту мәселелері төңірегінде пікір алмасып, замануи кезеңде киберқорғаныспен қамтамасыз ету сұрақтары талқыланады.

Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында «Cyber and Digital Security» и «Advanced Def Tech» конференциялары өтеді. Бұл шаралар әлемнің түрлі елінен келген мамандар мен эксперттер қорғаныс өнеркәсібі, әскери-техникалық ынтымақтастық, ғарыш қызметі мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын көрменің орталық диалогтық аумағы болмақ.

 «KADEX - 2018» көрмесі алғашқы екі күн арнайы мамандар үшін жұмыс істейді ал 25-26 мамырдан бастап шараны қала тұрғындары еркін тамашалай алады.

Айта кетерлігі,  «KADEX» көрмесі 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол қару-жарақ, әскери және арнайы техникаларды, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы технологияларды көрсету тұрғысында әлемнің жетекші көрме алаңына айналды.

Соңғы жаңалықтар