Исекешев пəтер сатып аламын деген астаналықтарға кеңесін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әсет Исекешев пəтер сатып аламын деген астаналықтарға кеңесін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әкімнің айтуынша, астаналықтар пəтер сатып алар кезде ол үй орталық жылу желісіне қосылған ба, жоқ па, соны анықтап алғаны жөн.  

«Мен пəтер сатып аламын деген азаматтарға бірден ол үй орталықтандырылған жылу желісіне қосылған ба, жоқ па, соны біліп алыңыздар дер едім. Астаналықтар пəтер сатып алады да, кейін ол автономды жылу желісіне қосылғанын айтқан соң, бағасы қымбат екенін біліп жатады. Əрине, қайталап өтейін, біз  жауапкершіліктен қашып отырған жоқпыз, біз үйлердің бəрін орталықтандырылған жылу желісіне қосамыз. Сарыарқа ауданы - үлкен мəселе, себебі, магистральді желіге қосылмаған. Қазір осы мəселені шешкіміз келеді»,-деді əкім «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің тұрғындары айтқан мəселеге жауап бере отырып.

Қала əкімінің айтуынша, қазір Сарыарқа ауданындағы бүкіл үйді орталықтандырылған жылу желісіне қосатын жоспар əзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Ə.Исекешев атап өткендей, жоспарды аяқтау үшін қосымша инвестиция керек.

«Менің ойымша, бір жыл ішінде бұл жоспар дайын болады»,-деді Исекешев.

Айта кетейік, Астана қаласында бірнеше үй автономды жылу желісіне қосылған. Бұдан бұрын хабарлағынымыздай, Астанада 600 пəтерлі үй ара-тұра жылусыз қалып отыр. 

Соңғы жаңалықтар