Исекешев Астананың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев елордадағы экологиялық ахуал мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Бұл туралы ҚазАқпаратқа елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Энергетика министрлігінің Астана қ. экология департаментінің статистикасына сәйкес, қазіргі уақытта елордада атмосфераға лас заттардың 53%-ын автокөліктер шығарса, 10%  жеке сектордың (пешпен жылыту, жеке қазандықтар) үлесіне тиеді.  Сонымен қатар, отырыста қаланы басқан қою түтін тақырыбы да қозғалды, оған антициклон, желсіз ауа райы (1-2 метр), тұман және ылғалдылық (91%) себеп болған.

«Желсіз күні ауада жағылған отынның иісі сезіледі. Бұған қатты отынды жаққанда түзілетін күл себеп, оны адам ағзасы автокөлік газынан гөрі жақсы сезінеді. Ал осы ретте автокөліктерден шығатын лас заттардың көлемі жеке сектордың үлесінен 5 еседен артық. Бідің бақылауымызша, қатты отынды пайдалану кезінде ластаушы заттардың ең көп мөлшері әсіресе желсіз күндері сезіледі, ал жеке секторлардың елорданың периметрімен орналасқанын ескерсек, түтін Астананың басым бөлігіне тарайды», - деп мәлім етті Энергетика министрлігінің Астана қ. бойынша экология департаментінің басшысы Абзал Егембердиев.

Әкім экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспарды қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды. Әсет Исекешевтің айтуынша, жаңа стандарттар кешенді ғылыми зерттеулерді, қоршаған ортаның жағдайына мониторингті және халық пікірін ескере отырып әзірленуге тиіс. 

«Жақын уақытта бұл мәселені қаланы орнықты дамыту жөніндегі кеңес арқылы қоғамдық тыңдауға шығаруды тапсырамын. Экология мен атмосфералық ауаның жаңа сапалық индикаторларын бекітіп, солар бойынша тұрақты негізде мониторинг жүргізілу керек. Осы мақсатта кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілетін болады», - деп атап көрсетті Әсет Исекешев.

Сондай-ақ, қала әкімі елорданың барлық аудандарында атмосфералық ауаның жағдайын қадағалайтын құрылғылар орнатуды тапсырды. 

Ә. Исекешевтің айтуынша, кешенді жоспарға ЖЭО, жеке сектордың және көлік құралдарының ауаға шығаратын лас заттарының мөлшерін қысқарту бойынша шаралар енгізіледі.

Сонымен бірге, отырыста бүгінде Үкіметте қаралып жатқан елорданы газдандыру мәселесі де қозғалды. Жақын уақытта салалық мемлекеттік органның және «ҚазТрансГаз» компаниясының қатысуымен арнайы кеңес өткізіліп, онда қаланы газбен қамту жолдары қарастырылатын болады. 

Соңғы жаңалықтар