Инвестициялық ахуалды жақсарту рейтингі бойынша Қазақстан 190 елдің ішінде 9-орынды иеленді - Мәми

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің екінші отырысы өтті.

Іс-шараға Президент Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Әлия Рақышева, Жоғарғы Соттың судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттар төрағалары, Астана қаласының судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің және Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының басшылығы қатысты.

Отырысқа қатысушылар Кеңестің 2016 жылғы жұмыс жоспарының орындалуын, сондай-ақ сот төрелігінің өзекті мәселелері бойынша жұмыс топтарының қызметін талқылады.

Отырысты аша келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау шеңберінде еліміздің сот жүйесінде жүзеге асырылған айтулы өзгерістерге сәйкес құрылған Халықаралық кеңестің алғашқы жылғы жұмысының аяқталғандығын атап өтті. Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар, соның ішінде жеке инвестициялық сот өндірісін құру, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы мен Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің жұмыс істеуі Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына зор үлес қосты. Мәселен, ағымдағы жылғы қазан айында ЭЫДҰ ұйымының Инвестиция комитетінің отырысында республиканың инвестициялық саясатының екінші шолу баяндамасының таныстырылымы қорытындысында Қазақстанды осы ұйымға қатысушы ретінде шақыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда Қазақстанның осы Комитетке кіруі және Инвестициялар жөніндегі Халықаралық декларацияға қосылуы жөнінде келіссөздер жүргізілуде.

«Бүкіләлемдік банктің бизнесті жүргізу және инвестициялық ахуалды жақсарту рейтингісі бойынша Қазақстан ағымдағы жылы 190 елдің ішінде 9-орынды иеленгенін қуанышпен атап өткеніміз жөн. Бұл туралы кешегі судьялар съезінде де айтылған болатын», - деді Қ.Мәми.

Жоғарғы Сот пен Астана қалалық соты өткен 10 ай ішінде шешім қабылдай отырып, инвесторлардың қатысуымен 20 азаматтық істі қарады. Жоғарғы Сот апелляциялық тәртіппен 18 істі қарады. Мамандандырылған сот алқасының сұранысы бойынша Азаматтық процестік кодекстің 77-бабына сәйкес Халықаралық кеңестің мүшелері 7 қорытынды, сондай-ақ өз құзыреті шеңберінде басқа да өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар берді. Осыған орай Қ.Мәми алғашқы инвестициялық даулар бойынша сараптамалық пікір әзірлеуге белсенді қатысқаны үшін Халықаралық кеңес мүшелеріне алғысын білдірді.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан Республикасының 2010 - 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында елімізде әкімшілік әділет жүйесін құру көзделгенін және судьялардың алтыншы съезінде Президенттің Әкімшілік процестік кодексті әзірлеу туралы тапсырма бергенін еске салды.

Жоғарғы Сот әзірлеген тиісті заң жобасы интернет-ресурста орналастырылды және Кеңестің барлық мүшелеріне жолданды. Кеңес мүшесі Йорг Пудельканың белсенді қатысуының арқасында ағымдағы жылдың қыркүйегінде ӘПК бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелерінің осы бағыттағы неміс соттарының тәжірибесімен танысу мақсатында арнайы сапары орын алды.

 ӘПК жобасының тұжырымдамалық қағидаттарына тоқталған Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаеваның айтуынша, «тиімді жұмыс істейтін әкімшілік әділет жүйесін құру «Қазақстан-2050» стратегиясының басты бағыттарының бірі болып табылады және халықаралық рейтингтегі позициямызды жақсартуға ықпал етеді. Әкімшілік әділет жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін айтарлықтай деңгейде арттырады, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін уақтылы әрі сапалы қорғауды қамтамасыз етеді, экономикалық және инвестициялық ахуалды жақсартуға әсер етеді».

«Шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар шешімдерінің дұрыстығын тексеру үшін нақты құқықтық негіздер керек, бұларды сақтау тәуелсіз әкімшілік соттар тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс. Й.Пуделька заң жобасына жоғары баға бере келе, бұл жоба заманауи әлемдік тәжірибеге сай келетіндегін атап өткен болатын», - деді А.Қыдырбаева. Реформаны одан әрі тиімді жалғастыру, сот практикасы мәселесіндегі сабақтастықты сақтау, кадрлық ақталмаған өзгерістерді және ауқымды қаржылық шығынды болдырмау мақсатында әкімшілік сот ісін жүргізудің өтпелі моделін қолданған жөн. Әңгіме жария-құқықтық дауларды қолданыстағы әкімшілік соттарға бере отырып, олардың әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерді қарау бойынша жекелеген құрамын сақтау туралы болып отыр.

Кеңес мүшелері отырыста инвестициялық дауларды қарау жөніндегі халықаралық тәжірибе, отандық соттардың азаматтық істер жөніндегі шетелдік соттармен және арбитраждармен өзара іс-қимылы, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту, шетел тәжірибесі негізінде сот білімін беру бағдарламасы, зияткерлік меншік құқығын қорғау бойынша дауларды шешу, сондай-ақ ақпараттық технологияларды сотта дамытудың шетелдік тәжірибесін зерделеу қорытындылары туралы баяндамалар жасады.

Еске сала кетейік, Кеңес құрамына Дубай халықаралық қаржы орталығының соттар тіркеушісі, «Бейкер и Макензи - Си-Ай-Эс Лимитед» компаниясы филиалының директоры, «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығы басқармасының хатшысы Куртис Мастерс, Корея Республикасының «Юльчон» заң компаниясының адвокаты Хвачжун  Ли және Каспий қоғамдық университетінің профессоры  Анатолий Диденко және т.б. кіреді.

Кеңесті Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы басқарады. Оның мүшелері бір жыл мерзімге сайланады. Отырыс жылына кемінде екі рет өтеді.

Отандық сот төрелігі жүйесі жетілдіру мәселелері бойынша сарапшылық консультациялар әзірлеуге бағытталған Кеңес Ұлт Жоспарының 25-қадамын іс жүзінде орындау болып табылады.

Соңғы жаңалықтар