Илья Ильин «Сыр жанашыры» атанды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылордада «Туған жерге тағзым» форумы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Шарға еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызылордалықтар арнайы келіп қатысты. Аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін Сыр елінің бірқатар тумаларына «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың ішінде әйгілі зілтемірші Илья Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя, «А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми зерттеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов және т.б.  бар.

 Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев форумға арнайы келген елдің жанашыр азаматтарына алғысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.

«Мемлекет басшысы өзінің көреген саясатымен ұлттық құндылықтарымызға негізделген Рухани жаңғыруды алдымызға қойды. Рухани жаңғырудың бір тарауы «Туған жерге тағзым» болса, бұл біздің өңірде 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек деп білемін. Сыр өңірінде «Туған жерге тағзым» акциясы бастау алған күннен бастап 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 6 млрд 228 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл - елін сүйген, жерін қастерлеген азаматтардың Атамекеннің дамуына қосқан үлесі. Бүгін, міне, сол азаматтардың бірқатарын «Сыр жанашыры» атағымен марапаттағымыз келіп отыр», - деді аймақ басшысы.

Бүгінгі шарада ғалымдар, дәрігерлер мен өнер майталмандары, кәсіпкерлер, спортшылар және басқа да салалардың өкілдерінен 19 адам марапатталды.

Сондай-ақ, форумда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - суретші Ағымсалы Дүзелханов, жырау Алмас Алматов пен Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Дамир Дәулетбаев сөз сөйлеп, жерлестерін мерекемен құттықтады.

Шара соңы қазақ эстрадасының белгілі өнерпаздары Жеңіс Ысқақова, Төреғали Төреәлі мен «Тұран» триосының концерттік бағдарламасына ұласты.

Соңғы жаңалықтар