ІІМ өкілі Қарағанды облысындағы су басу қауіпі бар аймақтарды аралады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен бірге облыстағы су басу қауіпі туындап тұрған аймақтарды аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Өңірде соңғы екі жылда су тасу жағдайлары жиі кездесті. Сол себепті министрдің орынбасары осындай қауіпті аймақтарды жеке өзі аралап көрді.

«Арнайы топ Бұқар Жырау, Қарқаралы, Шет, Абай мен Нұра аудандарының аймағын бақылап көрді. Сонымен қатар Нұра мен Шерубай-Нұра өзендеріндегі жағдай бақылауға алынды. Арнайы топ жүріп өтуі тиіс бағыт Самарқан су қоймасынан бастап, Ғабиден Мұстафин, Петровка, Ботақара, Шешенқара, Бұқар жырау аудандарын және Ынталы ауылы мен Матақ, Көктас, Ақжол, Бесоба елді мекендерін басып өтіп, Қарқаралы ауданындағы Талды станциясын Нұраталды, Красна поляна сияқты елді мекендер мен Шет ауданындағы Нұраталды станциясын қамтуы тиіс болатын»,-деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

 

Бұдан әрі бағыт Абай ауданындағы Құлаайғыр, Самарка ауылдары мен Ынтымақ су қоймасы арқылы өтуі тиіс еді. Бұл бағыт Ақмешіт, Байтуған, Шахтер, Нұра ауданындағы Майоровка елді мекендерін қамтиды.

Вице-министр Самарқан, Шерубай-Нұра, Ынтымақ және Жартас су қоймаларына су көп келген жағдайға дайын болу қажеттігін және алдын ала шара қарастыру қажеттігін ескертті.

 

«Қар еріп, су көбейе бастаған кезде-ақ оны бірден реттеп отыру керек»,-деді ол.

Қарағанды облысының аймағында табиғаттың белсенділігі 30 наурыздан-ақ байқала бастады. Себебі күн жылынып, қар көп еріді. Судың тасу қауіпі Қарағандының өзінде, Теміртау, Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Жаңа-арқа аудандарында байқалды.

 

Су таси бастағанда, 21 тұрғын үй мен 44 аулаға қауіп төнді. Әзірге су басып қалған үйлер мен аулалар жоқ.

Соңғы жаңалықтар