ІІМ мұрағатында Қазақстан тарихының маңызды бөлігі сақталып тұр - Роза Закарғаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше күннен кейін Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Есте болса, бұл атаулы күнді 1997 жылдың 5 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен бекіткен болатын. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Ішкі істер министрлігі Ақпараттық-сараптамалық орталығының басшысы Роза Закарғаева саяси қуғын-сүргін құрбандары туралық ақпарат алуға қатысты жайттарды жан-жақты түсіндіріп өткен болатын.

Роза Нұрқанқызы, кеңестік кезеңде көптеген қазақстандықтың солақай саясат құрбаны болғаны белгілі. Сондықтан қазіргі уақытта көптеген азаматтар мемлекеттік мұрағат арқылы қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары жайында қандай да бір мәліметтер алуға ұмтылатындығы шындық. Ал Ішкі істер министрлігінің мұрағатында қандай құжаттар сақтаулы?

Ішкі істер министрлігінің және оның аумақтық бөлімшелерінің арнайы мемлекеттік мұрағаттарында РКФСР Қылмыстық кодексінің 58, 59 баптары және басқа да одақтас республикалардың қылмыстық кодекстеріндегі дәл осындай баптар бойынша түрлі мерзімге сотталған тұлғалардың қылмыстық істері сақтаулы. Қорда 1930-1953 жылдары кезеңінде, ең бірінші кезекте сталиндік террордан және 1937-1938 жылдардағы сұрқия саясаттан зардап шеккен адамдар туралы мәліметтер бар.

2014 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігіне көптеген мұрағаттық құжаттарды табыс еткендігі туралы ақпарат тарап еді. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың және соғыс жылдарында тұтқында болғандардың туыстары саналатын қазақстандықтардың және басқа да елдердің тұрғындары тарапынан мұрағат құжаттарына сұрау салу көп пе?

Иә, 2014 жылы ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарынан 176 мыңнан астам мұрағат құжатын сақтау үшін қабылдап алған болатын. Олардың ішінде мынадай құжаттар бар: ақтауға жатпайтын тұлғаның қылмыстық істер; қуғын-сүргінге ұшыраған азаматқа қатысты қылмыстық істер; сот органдарымен ақталғандар; бұрынғы әскери тұтқындар мен Германиядан қайтарылған КСРО-ның бұрынғы азаматтарына қатысты сүзгіден өткен, олжа материалдар. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау, адамдарға олардың отбасыларының тарихын қайта қалпына келтіруге көмектесу үшін Ішкі істер министрлігі өзінің ведомстволық порталында «Мемориал» деп аталатын маңызды қызметті іске қосты. Аталған қызметтен қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы ақпараттар, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған адамдарды іздеу мен ақтауға қатысты материалдар алуға болады.

«Мемориал» қызметіне саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 109 186 тұлғаға қатысты ақпараттар енгізілген. Азаматтар тарапынан сұрау салуға қатысты айтар болса, тек 2016 жылдың өзінде ғана саяси-қуғын сүргінге ұшыраған тұлғаның туыстарынан, ғалым-зерттеушілерден, қоғамдық ұйымдардан, музейлер мен мемлекеттік органдардан, сонымен қатар алыс және жақын шет елдердің азаматтарынан 789 сұраныс түсті.

Азаматтардың мұрағат құжаттарынан мәліметтер алуы үшін не істеуі керектігін жан-жақты түсіндіріп берсеңіз. Қандай да бір мұрағат құжатын көшіріп алуға рұқсат беріле ме?

Жаппай саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты азаматтардың арызын қарау тәртібі бірқатар нормативтік-құқықтық актіде регламенттелген. Олардың қатарында еліміздің заңдары да, Ішкі істер министрлігінің бұйрығы да бар.

Ішкі істер органдарының арнайы мемлекеттік мұрағаты «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелері шегінде мұрағаты құжаттарының мұрағаттық анықтамасын және көшірмесін беру» мемлекеттік қызметін көрсетеді. Құжаттардың мұрағаттық анықтамасын немесе мұрағаттық көшірмесін алу үшін азаматтар ерікті түрде арыз жазып, туыс екендігін дәлелдейтін құжаттар ұсынуы тиіс. Заңның 16 бабына сәйкес толықтай ақталған азаматы немесе олардың өкілдері қайтыс болған жағдайда туыстары қылмыстық немесе әкімшілік істің тоқтатылғандығы туралы мәліметтермен танысуға, сонымен бірге аталған істе сақталған қолжазбаны, суреттерді және басқа да жеке құжаттарды алуға құқылы. Бірақ, ақталушының туыстары құжаттармен іс жүргізуге жатпайтын сипатта ғана құжаттармен таныс болуға құқылы. Әдетте олар тұтқындалушының сауалнамасы, ауылдық кеңес және жергілікті орган берген анықтама, жұмыс орнының мінездемесі, үкім мен айыптау қорытындысы.

Мұнан бөлек, қуғын-сүргінде ұшыраған азаматтың туыстарына оның жеке құжаттары, хаттамары мен қолжазбалары және суреттері қайтарылып беріледі.

Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азаматтардың туыстары оның ақталуына қол жеткізуі үшін не істеуі керек?

Ақтау мәселесі прокуратура органдарының құзіретіне жатады. Сондықтан азаматтар туыстарының ақталуын сұрап Бас прокуратураға немесе Әскери прокуратураға жүгінулері керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар