Грекияны жеңген Қазақстан футболшылары Гранаткин Мемориалының финалына өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның футболдан жасөспірімдер құрамасы (18 жасқа дейін) Санкт-Петерборда өтіп жатқан Гранаткин Мемориалы турнирінің ақтық сынына өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Жартылай финалда Александр Кузнецов баптайтын қазақстандық жас футболшылар 18 қаңтарда Грекияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Қазақстан сапынан Айдос Орал дубль авторы атанды.

Команда капитаны алғашқы голды 18-минутта пенальтиден соқса, екінші голды ойын барысында 49-минутта салды. Гректер сапынан Гиоргос Цоврас гол авторы атанды.

Матч барысында шабуылшы Жанали Пайруз екі сары қағаз алып, 42-минутта алаңнан қуылғандықтан, қазақстандық команда аз құраммен қалған болатын.

Осылайша, Қазақстан құрамасы финалға жолдама алып отыр. Енді олар 21 қаңтарда, Астана уақытымен 22:00-де ақтық сында Гранаткин Мемориалы кубогі үшін бақ таластырады. Оның қарсыласы Ресей-Санкт-Петербор құрамаларының кездесуінен соң анықталады.

Айта кету керек, бұл Қазақстан жасөспірімдерінің Гранаткин Мемориалындағы ең үздік көрсеткіші.

Соңғы жаңалықтар