Головкинді «жығып берген» төреші маңызды жекпе-жектерден шеттетілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің айқасындағы төрешілердің бірі Аделаида Берд уақытша ірі және маңызды айқастардан шеттетілді. Бұл туралы Невада штаты Атлетикалық комиссия басшысы Боб Беннет мәлімдеді.

«Мен оны әзірге маңызды айқастарға жібере алмаймын. Ол бұрынғыша өз ісімен айналысатын болады, алайда ол біраз қол үзе тұруы керек. Оған бұл кеш өте ауыр болды. Өкінішке орай, ол өз міндетін ойдағыдай атқара алмады. Оның қойған бағасы айқасқа сәйкес келмеді», - деп келтіреді Беннеттің сөзін Los Angeles Times.

Еске салайық, мексикалық боксшының пайдасына 118:110 деген ұпай қойған Берд бокс қоғамдастығының наразалығын тудырды. Басқа төреші Дейв Моретти (115-113) Головкинді жеңді деп есептесе, үшінші төреші Дон Трелла (114-114) екеуін тең түсті деп санаған. Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегі тең ойынмен аяқталды. 

Айта кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ-тар Мэнни Пакьяо, Сергей Ковалев және Теренс Кроуфорд сынды әйгілі боксшылар төрешілердің бұра тартқандығын, бұл кездесуде Головкин жеңді деп санайтындықтарын жариялаған. 


Соңғы жаңалықтар