Global-2000 тізіміне енген 7 инвестор Қазақстандағы ірі жобаларға тартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - 2016 жылы ірі жобаларды жүзеге асыруға Global-2000 тізіміне енген 7 инвестор тартылды. 

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 2016  жылы өзектендірілді. Бағдарламада дамудың негізгі векторлары болып - экспортқа бағдарлану және еңбек өнімділігінің өсуі белгіленді. Сондай-ақ 2019 жылғы деңгейге қарай 4 нысаналы индикатор белгіленген. Біріншісі -  еңбек өнімділігін 2015 жылға қарағанда нақты  мәнде 22 пайызға өсіру. Екіншісі - экспорттың құндық көлемін 2015 жылғы деңгейге қарағанда 19 пайызға  өсіру. Үшіншісі - өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына 4,5 трлн. теңгені инвестициялау. Төртінші - энергия сыйымдылығының 2014 жылғы деңгейіне қарағанда, кемінде 7  пайызға төмендету», - деп атап өтті ол.

Министрдің айтуынша, бағдарламада 2016 жылға дейін 4  негізгі мақсатты индикатор мен 10 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған. 2016 жылдың қорытындысында жоспарлы мәнде 3 мақсатты  индикатор мен 8 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізілген.

«Дәстүрлі секторларда тиімді базалық индустрия құру нәтижесінде  еліміздің 7 өңірінде жалпы құны шамамен 68,7 млрд. теңгені құрайтын қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және кеңейту бойынша 10 жоба жүзеге асырылды. Сала құраушы ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы индустриялық өсімнің жаңа нүктелерін құру аясында жалпы сомасы 154,9 млрд. теңгені құрайтын металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриясы сынды өңдеу өнеркәсібінің 4 секторында 6 жаңа ірі өндіріс құрылды. Сонымен бірге ірі жобаларды жүзеге асыру үшін  Global-2000 тізіміне енген компаниялардың арасынан 7 инвестор тартылды»,-  деді Жеңіс Қасымбек.  

Соңғы жаңалықтар