Германияда швейцариялық тыңшы ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия полициясы Франкфурт-на-Майнда 54 жастағы Даниэль М. есімді Швейцария азаматын ұстады. Германия билігі оны 2012 жылдан бері ГФР аумағында тыңшылық қызмет атқарған деп есептейді. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлайды.

Прокуратура бұл деректерді 28 сәуір күні жариялады. 30 сәуірде істің жай-жапсары баяндалады, деп жазды Die Welt басылымы.

Газеттің жазуынша Даниэль М. швейцариялық барлау қызметкері және ол бірнеше жылдан бері Германияда жұмыс істеп, қаржылық, банк секторы туралы ақпарат жинаған. Оны ГФР аумағына германиялық салық органдары германиялық клиенттер туралы деректер сақталған швейцариялық банктердің мәліметтер қорын сатып ала бастағанда жіберген. Осылайша Германия билігі салықтан жалтарушылармен күресті. Швейцариялық тыңшының міндеті мәліметтер қорын сатып алумен айналысатын адамдарды анықтау еді.

Неміс өңірлік билігі 2006 жылы салық төлемеушілер туралы ақпарат үшін ақша төлеуді бастады.  Атап айтқанда, олар швейцариялық банктердегі неміс клиенттері туралы мәліметтер қорына миллиондаған еуро жұмсады.

Бір жағынан бұл үдеріске неміс барлау қызметі де араласқан. Неміс салық органдарының әрекетінен Германия мен Швейцария арасында дипломатиялық кикілжің туындаған, тіпті швейцариялық билік неміс салық органдарының бірнеше қызметкерін қамауға алу туралы ордер берді.

Соңғы жаңалықтар