Газ бағасы өңірлерде әртүрлі - Қанат Бозымбаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Газ бағасы өңірлерде әртүрлі. Бұл туралы БҚО әкімінің халыққа берген есебі кезінде тұрғындар сауалына жауап берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Министрдің айтуынша, газ бағасы батысқазақстандықтар үшін де маңызды.

«Бірден айтайын, тегін газ болмайды. Нарықтық экономика жағдайында әр өнімнің өзіндік құны бар. Батыс Қазақстан облысы 100 пайыз дерлік Қарашығанақ газымен қамтылады. Бірақ ол қышқыл болғандықтан, Орынбордағы газ өңдеу зауытына жөнелтіледі. Тазартылып, құрғақ күйінде оралған кезде осы газдың шекарадағы құны 43 долларды құрайды», деді министр.

Содан кейін облыс үшін 11970 теңге көлемінде көтерме баға бекітіледі. Бұған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газ тарату желісінің бағасы қосылады - ҚҚС-тан алғанда 17 мыңдай теңге болады.

«Бұл аз ба, көп пе дегенге келсек, Ақтөбе мен Атырауға қарағанда, әрине, жоғары. Өйткені оларда газ өңдеу зауыты болғандықтан, баға төмен. Ал Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарымен салытырғанда, Батыс Қазақстанда баға арзан. Мысалы, ОҚО әкімі ондағы газдың бағасы 34 мың теңге тұратыны жөнінде әлденеше рет жазды. Былайша айтқанда, өңірлерде газ бағасы түрліше болып отыр», деді Қанат Бозымбаев.

Министр, сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер жанында газтехникалық инспекция құру мәселесіне де тоқталды. «Қазір тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгерістер енгізілуде. Газтехникалық инспекциялар жергілікті атқарушы органдар жанында жұмыс жасамақшы. Жылдың ортасына қарай Үкімет заң жобасын Парламентке жолдайтын болады», - деді ол.

Айта кетейік, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің есептік кездесуі барысында тұрғындар газ бағасының жоғары екендігіне орай алаңдаушылық білдіріп, сонымен қатар қызмет көрсетуші мекемелердің жұмысына қатысты сын айтқан болатын.  

Соңғы жаңалықтар