Футбол: «Ордабасы» «Атырауды» 2:0 есебімен жеңді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының «Ордабасы» футбол командасы «Атырауды» 2:0 есебімен ұтты. Еркебұлан Тұңғышбаев пен Таңат Нөсербаев осылайша шымкенттік жанкүйерлеріне тамаша тарту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Матчты «Ордабасы» командасының футболшылары жойқын шабуылдармен бастады. Әсіресе Мардан Төлебектің айып алаңының сыртқы жағынан жасаған соққысы қақпа бағанасына тиіп, кері қайтты. Осы допты әуеде қайшылап қайта соққан Еркебұлан Тұңғышбаевтың соққысына қақпашы Нарзиқұлов тосқауыл қойды. Үшінші рет шалқалай жатып тепкен Рохер Каньястың добы да қақпаға кірмеді. Жанкүйерлердің аса зор қолдауына ие болған Алексей Петрушин шәкірттері қайта -қайта қақпаны нысанаға алғанымен, бірінші таймда есеп ашудың реті келмеді. «Атырау» сапында жеке дара қақпаға бет алған Айбар Нұрыбаевтың шабуылы да ешбір нәтиже бермеді.

Екінші таймда «Атырау» командасының бас бапкері Сергей Павлов Айбар Нұрыбаевтың орнына Джокичті алмастырды. Осы бір алмасу қонақтардың ойынындағы тактиканы қолдан шығарып алғандай болды. Ғаламат күшке ие болған Абдуллай Диакате алаңның ортасынан кезекті шабуылын бастап, үш бірдей ойыншыны алдау арқылы керемет соққы жасады. Допты Нарзиқұлов қағып қалды. Ойынның 68-ші минутында Мардан Төлебек сол қанаттан тағы бір жойқын шабуылды бастады. Оның айып алаңына тастаған добын бақылаудан шығарып алған қақпашының қателігін Еркебұлан Тұңғышбаев ұтымды пайдаланды. Есеп 1-0.

Ойынға жаңа араласқан Таңат Нөсербаев бірден бас мерген ретінде командаластарын алға жетеледі. Кезекті шабуылды енді оң қанаттан бастаған Никита Бачаровтың қақпаға қиып тастаған добына Азат Нұрғалиев сәл ғана жете алмай қалды. Қақпашы Азатты қорғап жүргенде Таңат Нөсербаев тамаша соққымен гол салды. Есеп 2-0 болды.

Кездесу барысында Фархадбек Ирисметов жанкүйерлердің ықыласына бөленді.

Ойыннан соң «Ордабасы» КФК АҚ президенті Бақтияр Байсейтов өз пікірін білдіріп кетті.

«Кездесу өте күрделі болды. Сырт алаңдағы екі рет қатарынан болған жеңілістің орнын толтыру үшін жігіттер барын салды. Қаншама керемет шабуылдар ұйымдастырды. Статистикалық есеп жүргізетіндер байқап отырған шығар, «Ордабасы» шабуылшылары жеті рет айып алаңының ортасында шалқалай теуіп, қайшылау әдісімен допты қақпаға бағыттапты. Оның бірі қақпаға енгенде футболшылардың шеберлігі бұдан да биіктей түскен болар еді. Жанкүйерлер керемет ашық футбол спектаклін көргендей болды. Ізбасарларымның бұл жеңісін дәл осы күні аталып өтіп жатқан «Спорт күні» мерекесіне арнаймыз. Осы бір сәтті пайдалана отырып барлық сала қызметкерлерін, Спортшылар мен бапкерлерді, Футбол жанкүйерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын!»,- деді Бақтияр Байсейтов.

Енді күнгейлік команда 26-тамыз күні Қызылорда қаласында жергілікті «Қайсармен» кездеседі. Жанкүйерлер нағыз тартысты ойын сонда болады деп отыр.

Соңғы жаңалықтар