Футбол: «Астана» ел біріншілігінде көш бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының кезекті, жетінші турының ойындары болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен «Астана» арасындағы ойын елорданың «Тарлан Арена» стадионында өтіп, астаналықтардың ірі жеңісімен аяқталды. Бірінші тайм соңында конголық легионер Жуниор Кабананга 11 метрлік айып добын соға алмағанымен, астаналықтар қалған мүмкіндіктерін қалт жіберген жоқ. 61-минутта Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Серікжан Мұжықов есеп ашса, үш минуттан кейін босниялық Срджан Граховац пенальтиді дәл орындады. Ал 79-шы минутта ұлттық құраманың тағы бір мүшесі Роман Мұртазаев кездесу нүктесін қойды.

Сөйтіп, «Оқжетпесті» 3:0 есебімен тізерлеткен «Астана» қатарынан бесінші мәрте жеңіске жетіп, жеті ойыннан кейін 16 ұпаймен жеке дара көш бастады. Өйткені бұл турда осыған дейін бірінші орында келе жатқан Павлодардың «Ертісі» Қызылордада «Қайсармен» 1:1 есебімен тең ойнады. Бразилиялық Родриго 84-минутта есеп ашқанымен, павлодарлықтар бұл басымдылықты сақтай алмай, екі минуттан кейін алаң иелерінен бурундилік Саиди Нтибазонкиза таразы басын теңестіріп кетті.

Бүгін тағы екі кездесу тең нәтижемен бітті. Таразда жергілікті клуб пен Оралдың «Ақжайығы» арасындағы ойында есеп ашылған жоқ. Екінші таймда «Ақжайықтан» парагвайлық Фредди Коронельдің пасынан кейін Руслан Валиуллин баспен соққан доп қақпа маңдайшасынан кері серпілді. Ал оралдықтардың капитаны Мейрам Сапановтың алыстан тепкен добын «Тараздың» қақпашысы Владимир Логиновский қайтарып үлгеріп, өз командасын голдан аман сақтап қалды.

Осылайша, қазақстандық маман Вахид Масудов жаттықтыратын «Ақжайық» төрт мәрте қатарынан тең ойнады. Қарағандының «Шахтері» Теміртауда биылғы чемпионатта жүлделі орыннан үміткерлердің бірі Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Алдымен алаң иелерінен Сергей Скорых бірінші тайм соңында өз қақпасына гол соғып алса, 48-минутта Дәуренбек Тәжімбетов таразы басын теңестірді. Бұл кездесудің соңы төбелеспен аяқталып, қос бірдей футболшы алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» мен «Атырау» матчы кейінге қалдырылса, орталық кездесу Алматыда «Қайрат» пен «Ордабасы» (Шымкент) арасында өтті. «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, 6-минутта оң қапталдан айып алаңына енген «Қайраттың» әрі Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан дәл көздеп, есеп ашты.

Бірінші тайм соңына таман алматылықтардың сұрмергені, Кот-д'Ивуар елінің өкілі Жерар Гоу биылғы чемпионаттағы жетінші голын соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші таймда 69-минутта ресейлік Андрей Аршавиннің әдемі пасынан кейін хорватиялық Иво Иличевич қақпа бұрышын дәл көздеді. Астаналықтар секілді қарсыласын 3:0 есебімін ойсырай ұтқан алматылықтар 14 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға көтерілсе, «Ертіс» 15 ұпаймен екінші сатыда келеді. Оның үстіне биылғы маусымда бес кездесуін тең ойнаған «Қайрат» - әзірге жеңілістің ащы дәмін татпаған бірден-бір команда.

Айта кетейік, 23 сәуір күні өтетін сегізінші турда орталық ойын Павлодарда «Ертіс» пен Алматының «Қайраты» арасында өтеді. Сондай-ақ «Ақтөбе» «Шахтерді», «Атырау» «Оқжетпесті», «Астана» «Таразды», «Ақжайық» «Қайсарды», «Ордабасы» «Тобылды» қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар