Футбол: «Ақжайық» пен «Атырау» тең ойнады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Атырау» командасын қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл ойында алаң иелерінің басымдылығы байқалғанымен, олар бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Бірінші таймда есеп ашылмағанымен, есесіне ойынның екінші кезеңінде төрт бірдей гол соғылды. 54-минутта стандартты жағдайдан кейін «Атыраудың» құрамындағы хорватиялық легионер Юре Общивац «Ақжайықтың» қақпасын баспен дәл көздеді. Бұдан кейін алаң иелері алға ұмтылды. Вахид Масудов чилилік Матиас Рубионың орнына колумбиялық Аренас Дельгадоны қосты. Бапкердің бұл қадамы өзін ақтады деуге болады. Көп ұзамай 64-минутта тағы да стандатты жағдайдан соң «Ақжайықтың» капитаны Мейрам Сапанов таразы басын теңестірді. Ал 70-минутта Аренас Дельгадо тоғыздықты дәл көздеп, өз командасын алға шығарды. Әйтсе де «Ақжайық» жеңісті уысында ұстап тұра алмады. 88-минутта төреші белгілеген 11 метрлік айып добын «Атыраудан» сербиялық Новица Максимович дәл орындап, есепті теңестірді.

Сөйтіп қос команда 2:2 есебімен тең тарқасты. Қазіргі кезде төрт ұпаймен тоғызыншы орында келе жатқан «Ақжайық» келесі ойынын 8 сәуірде Ақтөбеде жергілікті командамен өткізеді. Бұл матчтың да оңайға түспесі анық. Өйткені «Ақтөбе» осы турда Павлодарда ел чемпионатының өткен жылғы қола жүлдегері «Ертіс» командасын 3:1 есебімен ұтып кетті.

Айта кетейік, турнир кестесінде «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайсар» (Қызылорда) командалары 10 ұпаймен көш бастап келеді. Бұл турда шымкенттіктер қақпашының өрескел қателігінен кейін Көкшетаудың «Оқжетпесін» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, қызылордалықтар Алматыда «Қайратпен» (1:1) тең ойнады. Қарағандының «Шахтері» «Астанаға» 1:2 есебімен есе жіберсе, Қостанайдың «Тобылы» «Таразды» 1:0 есебімен ұтты.

Соңғы жаңалықтар