Футбол: «Ақжайық» пен «Ақтөбе» тағы да тең ойнады

None
None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 24-інші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

Бұл кездесу көш соңында келе жатқан қос команда үшін де маңызды еді. Бірінші таймда «Ақтөбенің» қақпашысы Андрей Сидельниковтің қателігінен кейін «Ақжайыққа» жаңадан келген черногориялық шабуылшы Марко Дурович Қазақстан чемпионатындағы алғашқы голын соқты. Екінші тайм басында стандартты жағдайдан кейін кезінде «Ақжайық» құрамында доп тепкен, қазір «Ақтөбенің» намысын қорғайтын Беларусь шабуылшысы Игорь Зенькович таразы басын теңестірді. Дегенмен 57-минутта М.Дурович «Ақжайықты» қайтадан алға шығарды. Ал 82-минутта бас төреші Алексей Бобров өз айып алаңында Константин Дудченко қолмен ойнады дегенді желеу етіп, 11 метрлік пенальтиді белгіледі. Бұл нүктеден И.Зенькович мүлт кеткен жоқ. Осылайша, тартысты ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Бұдан бұрын 26 шілде күні Оралда өткен 15-турдың матчында да қарсыластар 2:2 есебімен тең тарқасқан болатын.

«Ақжайық» 20 ұпаймен 11-інші орында, одан бір ұпайы кем «Ақтөбе» көш соңында келеді.

Айта кетейік, 24-турдың қалған ойындары жексенбі күні өтеді.

Соңғы жаңалықтар