Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Оқжетпеспен» тең ойнады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің алтыншы турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұл кездесуде есепті меймандар ашты. 18-минутта стандартты жағдайдан кейін Александр  Марочкин баспен соққан доп қақпа маңдайшасына тиіп, кіріп кетті. «Ақжайықтың» қақпашысы Денис Төлебаевтың бойы 2 метр болғанымен, сылбыр қимылдап, қапы қалды.

Жалпы, бұл матчта «Ақжайықтың» ойыны жүре қойған жоқ. Тек колумбиялық легионер Джоан Аренас Дельгадоның техникалық шеберлігі, шабуылды ұйымдастыруға деген ұмтылысы көрініп тұрды. Сондай-ақ оң қапталдағы Азат Ерсалимовтың белсенділігін атап өтуге болады. Бірінші таймның соңғы минутында Азат гол соғатын мүмкіндікті жіберіп алды.

Екінші таймда алаң иелері алға ұмтылғанымен, ол пәлендей нәтиже берген жоқ. Есесіне қонақтар есепті ұлғайта жаздады. Дегенмен 90-минутта сербиялық Предраг Говедарицаның айып алаңына кірместен, шірене тартқан добы тоғыздықтан бір-ақ шықты. Сөйтіп ол өз командасын жеңілістен сақтап қалды.

Бұл турдан кейін 6 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Вахид Масудовтың шәкірттері келесі ойынын 16 сәуір күні Таразда жергілікті командамен өткізеді.

Айта кетейік, дәл осы «Таразды» Павлодарда 5:2 есебімен ойсырата ұтқан «Ертіс» 14 ұпаймен жекедара көш бастады. «Ақтөбені» 3:0 есебімен тізерлеткен «Астана» 13 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Осыған дейін көш бастаған Қызылорданың «Қайсарын» Шымкентте 1:0 есебімен жеңген «Ордабасы» үшінші сатыға жайғасты. Оның да қоржынында 13 ұпай бар. Қостанайдың «Тобылы» мен Алматының «Қайраты» 2:2 есебімен тең тарқасып, сәйкесінше төртінші және алтыншы орында келеді. Ал көш соңындағы «Атырау» мен Қарағандының «Шахтері» әрқайсысы үш голдан соғып, бір ұпайдан еншіледі.

Соңғы жаңалықтар