Футбол: «Ақжайық» клубының алаңдары ойнауға жарамсыз деп танылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан кәсіби футбол лигасының комиссиясы Оралдағы П.Атоян атындағы және «Ақжайық» футбол клубы стадиондарының сапасын тексеріп, 27 мамырдан бастап премьер-лига матчтарын өткізуге тыйым салды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

П.Атоян атындағы стадиондағы табиғи төсем талапқа сай келмеді. Сол секілді «Ақжайық» стадионындағы синтетикалық алаң да сынақтан өтпеді. Енді осы стадиондардағы жағдайды түзегенше, «Ақжайық» өз алаңындағы ойындарды Оралда өткізе алмайды.

Айта кетейік, қазіргі кезде турнир кестесінде жетінші орында келе жатқан «Ақжайық» 28 мамыр күні Атырауда жергілікті командамен шеберлік байқасады. Содан кейін 3 маусымда Оралда «Ақтөбені» қабылдауы тиіс еді.

«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, міне, осы ойын көршілес қалалардың бірінде өтуі немесе кейінге қалдырылуы мүмкін, әзірге белгісіз. Сосын оралдықтардың өз алаңындағы «Таразбен» өтетін ойыны 25 маусымға белгіленген. Соған дейін алаңдарды қалпына келтіре ала ма, оны уақыт көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар