Европол «Petya»-дан зардап шеккендерге кеңестерін берді

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Әлем бойынша тараған компьютерлік Petya вирусының WannaCry вирусымен ұқсастықтары бар, бірақ анағұрлым жетілдірілген. Европол еуропалық құқық қорғау агенттігі зиянды бағдарламалық жасақтама туралы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл жаһандық ықпалы бар, ақша бопсалау мақсатындағы тағы бір күрделі шабуыл. WannaCry шабуылымен нақты ұқсастықтары бар, бірақ анағұрлым жетілдірілген шабуыл белгілері байқалады», - деді Европол басшысы Роб Уэйнрайт.

Вирус туралы алғашқы хабардан соң Европол шұғыл үйлестіру комиссиясын құрды және қазіргі уақытта вирустың таралуын бақылап отыр.

«Шабуылдың ықпалын бағамдап, іс-әрекеттіүйлестіріп, күшімізді біріктіру үшін вирус жұқтырған елдердің құқық қорғау органдарымен және сала бойынша негізгі серіктестермен тығыз байланыстамыз», -деп атап өтті Европолдан.

Сонымен бірге, мекеме әзірге қанша адамның зардап шеккенін анық айта алмайтындарын жеткізді және вирусты жұқтырған жағдайда хакерлерге ешқашан ақша төлемеуге кеңес берді. 

«Сіздер қылмыскерлерді қаржыландырып қана қоймай, өз файлдарыңызға қол жеткізе алмай қаласыздар. Бұл әсіресе Petya вирусы жағдайында өте өзекті, себебі ақша талап етуді басқаруға қолданылатын электронды поштаның есеп жазбасы бұғатталды», - деп ескертті Европолдан.

Сондай-ақ, кибершабуыл болған жағдайда жергілікті полицияға хабарласу керек және қаскөйлерден келген электронды хаттың көшірмесін сақтау қажет.

Одан бөлек, вирус кірген құрылғыны Интернеттен ажырату қажет.

«Егер вирус кірген құрылғы желінің бір бөлшегі болса, вирустың өзге компьютерлерге таралуының алдын алу үшін, оны  дереу оқшаулау қажет», - дейді құқық қорғаушылар. 

«Касперский зертханасының» деректеріне сәйкес,шабуылға ұшыраған қолданушылар саны 2 мыңға жетті. Ең көп шабуыл оқиғасы Ресей мен Украинада тіркелді, сондай-ақ вирус жұқтыру оқиғасы  Польша, Италия Ұлыбритания, Германия, Франция және АҚШ-та байқалған.

Соңғы жаңалықтар