Еуропаны ОА елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Маңғыстаудағы «Ақтау - Бейнеу» автожол жобасының «Ақтау - Шетпе» учаскесі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті Елбасы! «Ақтау-Шетпе» жол бөлігі «Астрахан-Атырау-Ақтау-Түрікменстан шекарасы» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіреді. Бұл - Ресей және Шығыс Еуропаны Орталық Азия елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол. Жүк тасымалының көлемі жылына 3 миллион тоннаны құрап, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының мүмкіндігін арттырады», - дейді ҚР ИДМ Автокөлік жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев.

Бұдан бөлек, телекөпір барысында Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығы таныстырылды.

 «Құрметті Президент! Біз Шымкент қаласында мультимодельді көлік-логистикалық орталықтың құрылысын аяқтадық. Оның жүк өткізгіштігі жылына 1 млн тонна. Біздің орталық - Шығыс-Батыс, Оңтүстік-Солтүстік ағынына қызмет ететін кеден аймағы мен толық сервистік желісі қамтылған заманауи кешен. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы инфрақұрылымдық жобаны іске қосуға рұқсат етіңіз!», -деп сұрады «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Санжар Елубаев.

Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаларды іске асыру үлкен жұмысты қажет ететінін атап өтті. «Содықтан осындай ұлы жобаларға қатысып жатқандарыңыз үшін құттықтаймыз. Осыны іске қоса отырып, елге үлкен жақсылық жасайсыздар», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар