Еуропалық дизайн институты Қазақстан жастарын оқуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Kazakhstan Fashion Week Astana және Еуропалық дизайн институты (Istituto Europeo di Design) қазақстандық жас дизайнерлер арасында "Fashion for future" байқауын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үздік деп танылған үш үміткер Италияның Милан қаласында білімдерін жетілдіре алады.

«Еуропалық дизайн институтымен (Istituto Europeo di Design) бекітілген келісімшарт аясында биылдан бастап, KFW Астана және IED жас дизайнерлерге арналған "Fashion for future" байқауын өткізеді. Нәтижесінде IED қазақстандық жас дизайнерлерге үш грант бөледі, яғни үш үздік дизайнер Милан қаласында білімдерін жетілдіре алады», -  деді Kazakhstan Fashion Week жобасының бас продюсері Ирина Байжанова Астананың басты сән апталығына арналған баспасөз мәслихатында.

Еуропалық дизайн институтының өңірлік менеджері Ольга Мелькова  Fashion for future байқауының ЭКСПО-2017 көрмесімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Алғашында «Fashion for future» байқауын Алматы технологиялық университеті мен Қазақстан технологиялар және бизнес университетімен бірлесіп, ЭКСПО-2017 аясында ұйымдастырып едік. Байқау барысында талантты жастардың көп екенін аңғардық. Отызға жуық жас дизайнердің жұмысын жинадық, олардың әрқайсысымен жеке сұхбаттастық. Нәтижесінде, Дариға Тайшықова жеңімпаз атанып, Италияға оқуға аттанды», - деді ол.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аяқталса да, Еуропалық дизайн институты байқауды жалғастыруды жөн көрген.

«Kazakhstan Fashion Week Astana тарапынан байқауды жалғастыру туралы ұсыныс түскенде, бірден қабылдадық. Себебі, Еуропада жаңашылдық іздейміз, жаңа мәдени ерекшеліктерді ашқымыз келеді. Қазір бар назарымыз Орталық Азияға түсіп отыр», - деп өз сөзін түйіндеді О.Мелькова.

Институт өкілінің айтуынша, байқауға өтінімдер сәуір айында қабылдана бастайды. 

Еске сала кетсек, елордада Kazakhstan Fashion Week Astana апталығы басталды. Биыл KFW Astana тарихында тұңғыш рет танымал италиялық дизайнерлер өз топтамаларын таныстырып, қатысушыларға «Сән және бизнес», «Жаңа трендтер» тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр.

Атап айтқанда, Vogue Italy журналының редакторы, стилист Рикардо Терцо, Еуропалық дизайн институтының креатив-директоры Джованни Оттонелло, дизайнерлер - Сальватора Вигнола мен Федерико Бараццо Астанаға арнайы келді.

Еуропалық дизайн институтының (Istituto Europeo di Design) креатив-директоры Джованни Оттонелло қазақстандық дизайнерлердің портфолиосын бағалап, құнды кеңестерімен бөліспек.

Соңғы жаңалықтар