Еуроодақ Сирия бойынша Астана процесінің қосқан үлесін мойындады

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуропалық одақ Астанада өткен кездесулердің бітімгершілікті қалпына келтіріп, соғыс қимылдарын тоқтату режимін сақтау және оны бақылауда ұстау бойынша үшжақты тетікті құруға қосқан үлесін мойындады. Бұл туралы дүйсенбі күні Люксембургте қабылданған ЕО сыртқы істер кеңесінің қорытынды құжатында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Еуроодақ шиеленістің әскери шешімінің болмайтындығына және Сирияның бірлігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы мен тәуілсіздігінің сақталатынына сенімді», - делінген ЕО Кеңесінің құжатында.

«2012 жылы Женева коммюникесі мен БҰҰ ҚК №2254 резолюциясында көрсетілгендей, тек сенімді саяси шешімдер Сириядағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ДАИШ пен басқа да террористік топтарға шешуші жеңіліс беретіні аталып өтті.

Сонымен қатар, Еуроодақ БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі Стеффан де Мистураның жұмысына және Женевадағы келіссөздердің қалпына келтірілуіне қолдау білдірді.

«Женевадағы прогресс зорлық-зомбылықты азайту және аталмыш жерлердегі сенімді нығайту бойынша салынған күш-жігерге байланысты болады. Осыған орай, ЕО Кеңесі Астанада өткен кездесулердің бітімгершілікті қалпына келтіріп, соғыс қимылдарын тоқтату режимін сақтау және оны бақылауда ұстау бойынша үшжақты тетікті құруға қосқан үлесін мойындайды», - деп аталды Кеңестің қорытындысында.

Сонымен қатар, ЕО СІМ басшысы «жалғасып жатқан зорлық-зомбылыққа үлкен алаңдаушылық» білдірді.

«ЕО Кеңесі барлық тараптардың соғыс қимылдарын тоқтату режимін сақтап, кепілгер ретінде Ресей, Түркия және Ираннан өз міндеттерін толық орындауды сұрайды», - делінген ЕО кеңесінің үкімінде.

Соңғы жаңалықтар