Эстрада жұлдыздары тұрғын алаптарындағы Наурыз мейрамына қатысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мичурино және Промышленный тұрғын алаптарында Наурыз мейрамының құрметіне белгілі отандық әншілерінің концерттері мен халықтық серуендер өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Концертке қазақстандықтардың сүйікті әншілері Клара Төленбаева, Досымжан Таңатаров, Асқар Жайлаубаевқатысты. Олар өз репертуарларындағы кеңінен танымал белгілі эстрадалық композицияларды орындады. Мұнымен қоса, жиналған қауым Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының солистеріПеризат Тұрарованың, Жанаргүл Рахатқызының, Жақсыкелді Маясаровтың, Президент оркестрінің солисті, халықаралық конкурстардың лауреаты Айзат Карабекованың, дарынды домбырашы Құрманғазы Байтасовтың және вокалист Мәдина Ахметованың, Айдана Смаханованың, Бауыржан Нұрымбетовтың, Олжас Сабижанның, Әйгерім Хасанованың және Әсем Омарованың шығармашылығымен танысты. «Дабыл», «Сарыарқа», «Дәуір», «Ретро», «БУМ» топтары, «Аламан» мен «Z» триолары, «Диарт» және «Бастау» аспапты ұжымдары, «Art Music»квартеті сынды еліміздің танымал шығармашылық ұжымдары көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
null 

Белгілі әнші Клара Төленбаева қала тұрғындарын мерекемен құттықтады: "Кейінгі екі жылда Астананың маңайындағы тұрғын алаптарын аралап, концерт беріп жүрміз. Бұл тек Наурызда ғана өтетін шара емес, қала күнінде де, былтырғы ЭКСПО уақытында да ұйымдастырылған концерттерге де қатыстық. Бұл жолға қойылған өте жақсы жоба деп ойлаймын, өйткені шеткі аудандардағы тұрғындардың қала орталығында болып жатқан концерттерге жиі қатысуға мүмкіндігі бола бермейді. Мұндай іс-шаралар халықтың көңілін көтереді, көрермен мерекені сезінеді. Өзіміз де марқайып қаламыз, ақсақалдар, апалар, тіпті кішкентай бүлдіршіндер келіп, бар ниетімен, шын ықыласымен әніңді тыңдайды, бұл бізге үлкен мәртебе, әрі шабыт береді. Наурыз - тіршіліктің бастауы, көзі, барлық нәрсенің жаңарып, күн мен түннің теңелетін уақыты, қазақтың айтулы төл мерекесі. Сондықтан бүкіл халық болып Наурызды ерекше күтеміз. Бұл - отбасылық мереке, татулыққа, береке-бірлікке шақыратын мейрам. Барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын".

«Мереке ортақ. Бірақ Астанада керемет думанды іс-шаралар өтіп жатқанымен, қаланың қасындағы елді-мекендердің тұрғындары оған көп бара бермейді. Сондықтан осы тұрғын алаптарында концерт өткізу құптарлық дүние, мені қуантқан бастама. Тұрғын алаптарының көрермендерінің келген өнерпаздарға деген көзқарасы, ілтипаты ерекше жылы. Наурыз - елді ынтымаққа, ауызбірлікке шақыратын шуақты мейрам. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, мерекелі күндеріміз көп болғай», - деп Досымжан Таңатаров тілегін жеткізді.

«Іңкәрім» ансамблінің биі мерекелік концерттің көркін келтірді. Шараны тамашалауға келген тұрғын алаптарының тұрғындары көңілді флешмобтарға белсене қатысып, «Қара жорға» халық биін орындады.

Сонымен қатар, сахна төрінде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері де көрсетілді. Дәстүрлі жабдықтар қойылған әдемі киіз үйлер алыстан-ақ көздің жауын алады. Шараға келушілер үшін мерекелік дастарқанның басты тағамы - наурыз көже, палау мен ыстық бауырсақ дайындалды.

Наурыз мерекесі ұлттық спорт түрлерінен жарыссыз өтпейді. Бұл жола қала тұрғындары мен қонақтары арқан тарту, тоғызқұмалақ зияткерлік ойынында шеберлік байқасты. Бұдан басқа, жиналғандар арасында гір көтеру, армрестлинг, шахмат және дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар көп болды.
null 

Шара аясында Мичурино тұрғын алабының «Мирас» аула клубының тәрбиеленушілері қазақ күресінің айла-амалдарын көрсетті, сонымен қатар Промышленный тұрғын алабында орналасқан «Сан-Сиро» футбол мектебінің тәрбиеленушілері футболдан турнир өткізді.

«Бұл жерде көп халық тұрады. Наурыз жыл сайын тойланады, керемет әншілер келіп өнерін паш етеді. Биыл міне мереке балаларға, тұрғындардың дем алуы үшін арнайы салынған жаңа спорттық-ойын алаңы бар шағын саябағымызда өтуде. Қыс бойы көрмеген таныстарымызды кездестіріп, арқа-жарқа болып қалдық. Бұл іс-шараның өскелең ұрпақ үшін де зор тәрбиелік мәні бар, салт-дәстүріміз көрініс табады, ұлттық ойындарымыз ұйымдастырылады. Өте қуаныштымыз», - деді «Промышленный» алабының тұрғыны Ырысты Кенжебекова.

Елорданың тұрғын алаптарындағы Наурыз мейрамына орайластырылған халықтық серуендер 21 наурызда жалғасын табады. Бұл күні сағат 11.00-де Пригородный және Үркер тұрғын алаптарында көктем мерекесіне арналған концерттер ұйымдастырылады. 22 наурызда осы сияқты шаралар Көктал-1 және Өндіріс тұрғын алаптарында, ал 23 наурызда Сарайшық шағын ауданында өтеді.

null null 

Соңғы жаңалықтар