Есімов «әлемдегі жалғыз нысан» деп атаған амфитеатр бұзылып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағындағы бірқатар нысан бұзылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәселен, қазіргі уақытта жұмысшылар көрме кезінде мәдени шаралардың ордасына айналған амфитеатрды бөлшектеу жұмыстарын бастап кетті.

Естеріңізде болса, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов амфитеатр сахнасын бірегей нысан деп атаған болатын.

«Көрме аумағындағы тіпті су бұрқақтар мен шағын сәулет нысандары қайталанбайды. Яғни,  барлығы да энергия үнемдейтін технологияларды көрсету, адам өмірін жақсарту үшін ойластырылған. Конгресс-орталық, энергия холлы, амфитеатр, ұлттық күндер сахнасы  - мұның әрқайсысы қайталанбас мәдени нысан. Қазір біз амфитеатрда тұрмыз. Оның сахнасы бірегей. Өйткені, биіктігі 23 метр, ені 10 метрден асса, ауқымы 30 метрді құрайды. Маған оның ерекше екендігін айтты. Мүмкін әлемдегі бірегей нысан да шығар. Дәл осылай көрменің әрбір нысаны жайында да айтуға болады», - деген еді Ахметжан Есімов.

Көрме баспасөз орталығының мәліметінше, дю Солей циркі павильоны мен ұлттық күндер өткен сахна да бұзылады.

Айта кетерлігі, кеше отандық және шетелдік журналистермен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрме біткеннен кейін ғимараттардың барлығы кәдеге аспай қалмайтындығын айтқан еді.  

«Біздің павильонымыз Қазақстанның музейі ретінде қалады. Екі павильонда қаржы орталығы болады. Бір павильонда Қазақстанның көрмесі болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, мұнан бөлек, бір павильонда ІТ-стартаптар паркі ашылады. Онда жастарға, ғалымдарға жаңалықтар ашуға барлық мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар тағы бір павильонда мектеп оқушыларын білімге, мамандыққа баулитын орталық болады.

«Оны корейлермен бірге жасап жатырмыз. Ол да жастарға пайдалы», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар