Есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Ұлт жоспарының бесінші «Есеп беретін мемлекет қалыптастыру» бағытының орындалу барысын қарастыру жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізді.

Отырыста Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы 24 қарашада өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиясының қызметі мәселелері жөніндегі кеңесіндегі тапсырмаларын іске асырудағы тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінің есептері тыңдалды.

Б. Бекназаров өз сөзінде атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Атап айтқанда, ол мемлекеттік жоспарлаудың шағын жүйесін қалыптастыру аясында 16 салалық бағдарламаның 11-інің күші жойылғанын, әлеуметтік-экономикалық ерекешелігіне байланысты 5-еуінің үкіметтік бағдарламаға өзгертілгенін атап өтті. Бағдарламалық құжаттардың негізсіз көбеюіне жол бермеу мақсатында оларды әзірлеуге талап күшейтілді.

Сенат Төрағасының орынбасары Есеп комитеті мен қаржы бақылау органдарының сараптамалық-талдау құрамы күшейтіле отырып, әлемдік аудиторлық компаниялар үлгісі бойынша реформалау жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Б. Бекназаровтың айтуынша, заңмен тыйым салынбаған ақпараттарды алуы мен тарату еркіндігі туралы азаматтардың конституциялық құқықтары жүзеге асырылатын «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның қабылдануы маңызды қадам болды.

Баяндамада «Ашық үкіметтің» енгізілуі тиісті бағасын алды. Мемлекеттік органдардың мәліметтері мен бюджет қаржысын игеру туралы ақпаратқа қол жеткізуге болатын «Ашық үкіметтің»: «Ашық мәліметтер», «Ашық нормативті құқықтық актілер», «Ашық бюджеттер» және «Ашық диалог» төрт бөлігі іске қосылды. Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің жобалары мен тұжырымдамалар жобаларын қарауға азаматтардың қатысуы қамтамасыз етілді.

Одан басқа, Төраға орынбасары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «бір терезе» қағидасы бойынша 530 мемлекеттік қызмет көрсетілуінің арқасында қазіргі кезде мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мен мерзімін қысқартуға, сондай-ақ барлық үдерістердің айқындығын арттыруға қол жеткенін атап өтті. 

Б. Бекназаров биыл өткен министрлер мен әкімдердің есеп беруге арналған кездесулері халық алдында жауапкершілік пен есеп беруді арттыруға мүмкіндік бергенін де айтты.

Сенат Төрағасының орынбасары алдағы жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Олардың қатарында комиссияның мемлекеттік органдардың міндетін бәсекелестер ортасы мен өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге арналған қызметі, сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейіндегі дербес бюджет пен коммуналдық меншікті енгізуді көзейтін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі заң жобасын қабылдау көзделіп отыр.

Сонымен бірге Б.Бекназаров алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін талап етілетін бірқатар мәселелерді атап өтті. Барлық салалар бойынша атқарылатын жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. 

Соңғы жаңалықтар