«Ертіс» - «Ақтөбе» ойынында павлодарлық қақпашы жарақат алып, қорғаушы қақпаға тұрды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-Лиганың 31-турында павлодарлық «Ертіс» Орталық стадионда «Ақтөбе» командасын қабылдады. 1:1 есебімен аяқталған матч тарихи сәттерге толы болды.

Алма-кезек шабуылдармен басталған ойынның ағашқы бөлігінде есеп ашылмады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

 Ал, екінші таймның 72-минутында павлодарлық қақпашы Давид Лория допқа секіргенде сәтсіз құлап, аяғын қайырып алды. Өкінішке орай, Давид кездесуді жалғастыра алмады. Капитанды ауыстыратын мүмкіндік болмады, себебі, «Ертіс» рұқсат етілген үш футболшы ауысымын осы уақытқа дейін пайдаланып қойған еді. Сондықтан, қорғаушы Руслан Есімов Лорияның жейдесі мен қолғабын киіп, қақпаға тұрды. Футболда қақпашының орнына қорғаушының қолғап киіп, қақпаны қорғауы өте сирек құбылыс екенін айта кетейік. Алаң иелері 10 ойыншысымен қалғанда, қонақтар шабуылын үдете түсті. Бірақ, кәсіби қақпашы болмаса да Руслан бірнеше рет командасын мүмкін болған голдан құтқарып жатты, тіпті, қарсыластардың соққыларына тойтарыс берді. Негізгі уақыт аяқталған соң, бас төреші қосымша 8 минут уақыт қосты. Әдетте, қосымша уақыт орта есеппен үш минуттан артық болмайтын еді. 92-минутта ақтөбелік Томаш Шимкович гол соғып командасын алға шығарды. Алайда, кездесудің ең соңғы 97-минутында Карлос Фонсека әуеден келген допқа биік секіріп, таразы басына теңдік орнатты. Қорытынды есеп - 1:1. - Бүгін өте ауыр матч болды. Біз жеңіске жетуге тырысып едік, қолдан келмеді. Мен бала кезден қақпашы болып ойнайтынмын, бірақ, қазір қорғаушымын. Давид жарақат алған соң жауапкершілікті алып, жейдесін кидім. Жеңіске жете алмағанымыз өкінішті әрине. Қолдау берген барша жанкүйерлерге алғысым шексіз, - деді матч қаһарманы Руслан Есімов. 

Соңғы жаңалықтар