Ерлан Нысанбаев ұзақ мерзімді орман пайдалануға тыйым салуды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сүрек дайындау бойынша ұзақ мерзімді орман пайдалануға тыйым салу қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«2003 жылдан әкімдіктер қарауындағы орман шаруашылықтарында ұзақ мерзімді орман пайдалану институты енгізілді. Солай бола тұра сүрек дайындауды орман пайдаланушылар 4 облыста ғана жүргізеді. Бұл орман шаруашылығы іс-шараларын кәсіпкерлердің қосымша қаржыландыруы жолымен бюджетке түсетін қаржы жүктемесін азайтады деп көзделген болатын. Жасалған талдау ұзақ мерзімді орман пайдаланудың тиімділігі төмен екенін көрсетті. Орман пайдаланушылар ағаш отырғызу және өртке қарсы іс-шаралар бойынша шарттық міндеттемелерді орындамайды, сондай-ақ салық төлемдері бойынша берешектің орын алып отырғаны байқалады», - деді ол.

Сонымен бірге оның айтуынша, тексерулер барысында дайындалған сүрек көлемінің рұқсат етілген көлемнен асып кетуінің бухгалтерияда көрсетілмейтін тым өрескел фактілері анықталды. Мұнан бөлек, іс жүзінде барлық орман пайдаланушылар техниканы қайта жарақтандыруға қаражат бөлмеген. Қоршаған ортаға барынша аз зиян келтіретін заманауи арнайы доңғалақты техниканың орнына күні бүгінге дейін ескі шынжыр табанды техниканы пайдалануда.

«Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының орман пайдаланушылары ғана соңғы  5 жылда 342 мың текше метр сүрек дайындап, тасып әкетті. Бұл орайда бөрене күйінде ғана сүрек өткізуден түскен табыстың ең аз мөлшері 1 млрд теңгеден асып түседі.  Солай бола тұра дүниежүзілік тәжірибе Қытай, Украина, Норвегия   сияқты бірқатар елдерде және басқа да мемлекеттерде ағаш кесудің барлық түріне тыйым салынғанын көрсетеді, ал бұл елдердің орманды жерлерінің көлемі Қазақстан көрсеткіштерінен бірнеше есе асып түседі.  Осы айтылғандарды ескере отырып, сүрек дайындау бойынша ұзақ мерзімді орман пайдалануға тыйым салу және  қажетті орман шаруашылығы іс-шараларын жүргізуді, бұдан бұрын болғанындай, мемлекеттік мекемелердің өздеріне жүктеу мәселесін қарау қажет деп есептейміз. Бұл мәселенің маңыздылығына байланысты жұртшылықпен, орман пайдаланушылармен, ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, облыстар әкімдіктерімен арнайы талқылаулар өткізіп, олардың қорытындылары бойынша Үкіметке тиісті ұсыныс жасалатын болады», - деді Ерлан Нысанбаев.

Соңғы жаңалықтар