Ерденаевтың қорғаушысы «Азия кредит банк» АҚ мүлкіне тыйым салуды сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «БЖЗҚ» АҚ бұрынғы басшыларының ісі бойынша қорғаушы «Азия кредит банк» АҚ-ның  5,6 млрд теңгеге бағаланатын мүлкіне тыйым салуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, банк басшылығы заңға қайшы әрекеттерге жол берген.

 «Азия Кредит банк» несие саясатын өрескел бұза отырып, 2016 жылдың 14 қазанында 5 млрд теңге көлеміндегі «БЖЗҚ» АҚ активін қабылдаған. 24 қарашадан бастап бұл банк мерзімінен асып кетті деген желеумен кепілдегі 5 млрд теңгеден ақша алды. Сол уақыттан бері банк БЖЗҚ 5 млрд теңгесін заңға қайшы пайдаланып келеді. Сондықтан банк қорға 582 млн 191 мың теңге төлеуі тиіс. Осыған орай «Азия кредит банк» АҚ-ға қатысты жеке қаулы жазып, қалалық прокуратураға бағыттауды жөн көрдік. Сонымен қатар БЖЗҚ алдындағы міндетін өтемегені үшін  банктің 5 млрд 582 мың көлеміндегі активіне тыйым салуды талап етеміз», - деді сотталушы Руслан Ерденаев.

Ерденаевтың қорғаушылары да бұл өтінішті қолдады.

«Қайта қаржыландыру болған уақытта 10 пайыз мөлшерлеме болған. Осы  жерде банк айырма сомасын қорға төлеуі тиіс», - деді адвокат Харип Сеидова.

Судья бұл өтінішті отырыс соңына таман қарауды ұйғарды.

Айта кетейік, 9 қаңтарда БЖЗҚ басшылары қамауға алынды: БЖЗҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаев, «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің қаржылық тәуекелдер басқармасының басшысы Мұса Бахтов, «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаев және «Бузгул Аурум» ЖШС директоры Азат Найзағарин. Оларға ҚР ҚК-інің 189-бабы, 4-тармағы, 2-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылды. Аталған іспен ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысты.

Соңғы жаңалықтар