Энергияны өндіруде климаттың өзгеруін ескеру керек - Финляндия министрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтіп жатқан «Болашақтың энергиясын қалыптастыру» ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумында Финляндияның қоршаған орта және энергетика, тұрғын-үй саясат министрі Киммо Тийликайнен әлемдік климатқа қатысты мәселелерді бірлесе шешуге шақырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Энергетика саласында әлемдік климаттың өзгеріп бара жатқаны алаңдатады. АҚШ-тың Париж келісімінен шығу туралы шешімі, әрине, өкініш туғызады. Гамбургтегі жиында әлемнің 19 елі Париж келісімінің күшін жоюға жатқызылмайтынын мәлімдеген еді. АҚШ-тың өзінде климаттың жағдайына қатысты оң пікір білдіргендер бар. Барлық мемлекеттер қазіргі таңда Париж келісімін жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс атқарып, міндеттеменің уақтылы орындалуына көз жеткізуі керек. Еуроодақ қашан да бұл тұрғыда үлгі болып келеді. Біз климаттық салада заңнама әзірлеп, оны әрдайым іске асырып келеміз. Бірақ бұны жалғыз атқару мүмкін емес», - дейді Финляндия министрі.

Киммо Тийликайненнің айтуынша, серіктес елдерді бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруы керек.

«Жалпы бүкіл әлемге климаттық дипломатия ауадай қажет. Саяси шешімдердің маңызы зор. Бізге не керек? Біз климаттың өзгеруіне қатысты ең алғашқы сатыда-ақ жұмыс атқарып үлгеруіміз тиіс. Энергетика, индустрия көмірсутектік эмиссияларды қысқарту тұрғысында алғашқы қатарға шығуы керек. Көмірсутекті барынша қысқартатын энергеткика көздерін дамытқан абзал. Біздің компаниялар энергия өндірудің осы саласы арқылы өзара бәсекелестіктерін арттыра алады. Финляндияда мемлекет пен жеке сектор бұл бағытта өте етене жұмыс атқарады. Әлемдік ең соңғы технологияларды дамыту арқылы биоэнергетика мен қалдықтарды өңдеуді дамытып келеміз. Финляндияның энергия жоғалту көрсетіші 3 процентті құрайды. Энергияны тиімді пайдаланатын құрылғылар арқылы осындай жетістікке жетуге болады. Өзге елдерде бұл көрсеткіш 20-30 процентке дейін жетеді», - деп түйді Киммо Тийликайнен.

Еске сала кетсек, «Болашақтың энергиясын қалыптастыру» ХІ Еуразиялық KAZENERGY форумына әлемнің іргелі елдерінің энергетика саласының министрлері мен IEA, МЭХ, МЭФ, ЕЭК, IRENA сияқты ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Форум барысында әлемдік энергетика компанияларының тұрақты энергетика көздерін тиімді басқаруға, энергия ресурстарының өндірілуін, сақталуын және пайдаланылуын бақылауға, энергия көздеріне қол жеткізуге, климаттың өзгеруімен және көмірқышқыл газ шығарылындарын төмендетуге, баламалы энергия көздерінің пайдаланылуын ынталандыруға байланысты мәселелер талқыланып жатыр.  

Соңғы жаңалықтар