Энергетиканы цифрландыру: Қазақстандықтар артық энергияны сата алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өзінің дербес энергетикалық кешенін құрып, қуат көздері жағынан ешкімге тәуелді болмаса да, алда әлі де үлкен сынақтар баршылық. Бұл заман талабынан туындаған сынақтар. Өйткені, бүгінде электр энергиясымен қамтамасыз ету өз алдына ел экономикасын цифрландыру, яғни, барынша автоматтандыру қажет.

Жалпы цифрландыру қалай жүргізіледі? Бұл дегеніміз түрлі салаларға озық теxнологиялар көптеп енгізіледі, өндірістік процестер автоматтандырылады деген сөз. Әлбетте, мұндай жағдайда қуат көздерін өндіру көлемін де арттыруға тура келеді. Екіншіден, тұтынатын энергияның сапасын да көтеру керек. Өйткені жаңа теxнология дегеннің өзі тұрмыста күнделікті қолданатын тоңазытқыш емес, бір «күйіп» кетсе, миллиардтап шығын шығаруға мәжбүр боламыз.

Бұдан бөлек, Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында экологиялық қауіпсіздікке қатысты бірқатар міндеттерді мойнына алғанын да естен шығармау керек. Осының бәрін ескерсек, цифрландыру да, жаңа технологияларды уақытылы енгізу де оңай болмайтыны түсінікті. Осы орайда еліміздегі ұлттық оператор «KEGOC» компаниясына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. 

Климат жөніндегі Париж келісіміне қосылғаннан кейін Қазақстан үлкен әрі маңызды міндеттемелерді қабылдады. Басты талап - парниктік газдарды барынша азайту. Демек, өндірістік ошақтарды жылдан жылға жаңартып, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды біртіндеп төмендету керек. Ол нысандардың ішінде энергияны өндіретін жылу электр стансалары да бар. Әрине, СО2-ден құтылудың ең қысқа жолы - көмірді азайта беру. Алайда олай істесек, энергия тапшылығы туындап, ел экономикасы тығырыққа тіреледі. Сосын халық энергияны жаппай үнемдеуге көшсе де, барлық кәсіпорындарға жетпейтін сияқты. Себебі Қазақстанның кең-байтақ территориясы арқылы қуат көздерін тасымалдаудың өзі - қып-қызыл шығын.

Энергияны үнемдеу арқылы көмір жағуды азайта алмасақ, күн мен жел сияқты баламалы энергия көздерін жан-жақты дамыту қажет. Ол жағынан Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын қабылдап үлгерді. ЭКСПО арқылы батыл жоспарымызды да жарияладық. Енді, 2030 жылға дейін баламалы қуат көздерін 10 пайызға жеткізе алсақ, соның барлығын отандық энергетика кешеніне бейімдей білуіміз қажет-ақ. Себебі баламалы энергия көздері тұрақсыз, яғни, ауа-райына тәуелді түрде өндіріледі. Дәл осы мәселе кернеуге ғана емес, қуаттың сапасына да, жалпы энергетиканың тұрақты жұмыс істеуіне де айтарлықтай әсер етеді. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің айтуынша, күн панельдері мен жел қондырғылары қолжетімді болған сайын халық ондай теxнологияларды көптеп қолдана бастайды. 

«Біздіңше, болашақта баламалы энергия құрылғыларын өз үйінде орнататын адамдар көбейеді. Сонда олар қуат көздерін өндіріп қана қоймай, артық энергияны ортақ желіге де сататындай болуы қажет. Бізге осы мәселені де ескеру керек», - дейді Бақытжан Төлеуқажыұлы. 

Компания басшысының ойынша, баламалы қуат көздерін отандық энергетика кешеніне барынша бейімдеу үшін жел мен күн қондырғыларына қатысты нақты теxникалық талаптарды енгізген жөн. Әйтпесе, Қазақстанға ескі теxнологиялар енуі әбден мүмкін. Ал энергетиканың тұрақты жұмысын ұйымдастыру үшін гидро және газ стансаларын дамыту қажет. Себебі жел мен күн қажетті энергияны дер кезінде бере алмаса, су мен газдан қуат көздерін жылдам өндіруге болады.

Отандық энергетиканың алдында тұрған тағы бір міндет ол - энергияның сапасын арттыру. Шыны керек, бұрын бәріміз тек энергиямен қамтамасыз ету мәселесіне ғана алаңдасақ, қазір қуат көздерін тұрақты түрде жеткізуден бұрын энергияның сапасына баса назар аудару қажет. Себебі елімізде жоғары теxнологияларды қолданатын кәсіпорындардың саны артып келеді. Ал ондай өндірістер тек сапалы энергиямен ғана жұмыс істейді. Осыған байланысты бүгінде қуат көздерін жеткізуші кейбір ұйымдар энергияның сапасын тексеретін құрылғыларды орнатуға кірісті. Тұтынушы компаниялар да қалыспайды. Дегенмен, осы іске барлық өнеркәсіп бірдей атсалысып жатқан жоқ. Өйткені Қазақстанда энергия сапасы үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан да, электр желілерін басқару компаниясы тиісті нормативтерді әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта отандық заңнамаға «энергияның сапасы үшін жауапкершілік» деген ұғым енгізілуі әбден мүмкін. 

Жалпы, ел экономикасын теxнологиялық жағынан жаңғырту аясында энергетика кешенін де барынша автоматтандырған маңызды. Онсыз саланың тұрақты қызметін ұйымдастыру қиын. Осы орайда «KEGOC» компаниясы «Smart Grid» атты интеллектуалды басқару жүйесін енгізуді көздейді. Соның аясында энергияны өндіруден бастап тұтынуға дейінгі барлық индикаторлар - қуаттың сапасы, кернеуі және тағы басқа маңызды көрсеткіштерді бір жерден бақылауға болады. Әрине, барлығына қыруар қаражат қажет.

«Негізі, қазірдің өзінде біз бірқатар интеллектуалды басқару элементтерін қолданып жатырмыз. Мәселен, релелік қорғауға арналған микропроцессорлар, электр энергиясының коммерциялық есебін жүргізетін автоматтандырылған жүйе, реакторларды басқару және тағы басқа технологиялар бар. Бұдан бөлек, біз энергетикалық жүйе режимдерін автоматтандыру жобасын бастап кеттік. Оның аясында желі параметрлерін жылдам тексеруге болады. Энергияның жиілігі мен қуаты автоматты түрде реттеледі. Осылайша, қуат көздерін үнемдеп, сырттан сатып алатын энергияны азайтуға мүмкіндік бар. Ал релелік автоматика теxнологиялық ақаулықтарды жойып отырады», - дейді Бақытжан Қажиев.

Сөз жоқ, отандық энергетиканы технологиялық жаңғыртудың арқасында біраз қаражатты үнемдеп, қуат көздерін тиімді пайдалануға болады. Сонда қосымша жылу электр стансаларын да салудың қажеті болмай қалады. Алайда қыруар қаражатты үнемдеу үшін алдымен сол қыруар қаражатты энергетикаға құю қажет. Осы саладағы көрші елдердің жұмысын да бақылап отырмаса болмайды. Себебі алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай энергетикалық кеңістігін құру жоспарланған. Ендеше Қазақстанның энергетика саласы бұған да дайын болғаны жөн. 

Соңғы жаңалықтар