Еңбекке жарамды азаматтардың 28 пайызы орта біліммен шектелген - Біржан Нұрымбетов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанда 9 миллионға жуық еңбекке жарамды азаматтардың 28 пайызы, яғни ширек бөлігі орта біліммен ғана шектелген.

 Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Электронды еңбек биржасын құру мен жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтығандарды есепке алудың жаңа құралдарына арналған брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

«Ресми статистикаға жүгінсек, елімізде 9 миллионға жуық еңбекке жарамды азаматтардың 28 пайызы орта біліммен ғана шектелген. Жұмыссыз азаматтардың 25 пайызында және өзін жұмыспен қамтығандардың тең жартысында кәсіби білім жоқ. Халықтың толыққанды жұмыспен қамтылмауының бір себебі осы болғандықтан, Үкімет халықты жаппай оқыту және оларды кәсіпкерлікке тартып, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бойынша екі негізгі бағытты қолға алып отыр», - деп мәлімдеді Біржан Нұрымбетов.

Вице-министрдің айтуынша, биылғы қыркүйек айында ҰБТ-да қажетті балл жинай алмаған және оқуға түсе алмай қалған мектеп түлектері жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы техникалық-кәсіптік білім алуға жіберіледі. Олар тегін оқумен, шәкіртақымен,бір мезгіл ыстық тамақпен және жолақымен қамтамасыз етіледі. Қажет болған жағдайда, тұрғын үй жалдауға да материалдық көмек көрсету қарастырылған. Аталған бағытта биыл 21 мыңға жуық баланы техникалық-кәсіптік оқуға жіберу жоспарланған.

«Екінші бағыт  жұмыссыз жүрген ересектерді, арнаулы білімі жоқ азаматтарды қысқа мерзімді курстарда оқыту, - деді вице-министр Б.Нұрымбетов.  Оларға кәсіби білім беріп қана  қоймай, кәсіби дағдылануын қамту керек. Адамның белгілі бір кәсіби дағдыларды игеруі жұмыс табуға немесе шағын кәсіпкерлікпен айналысып кетуге септігін тигізеді. Жоспарымызға сәйкес, биыл 70 мыңға жуық адамды қысқа мерзімді курстарда оқытамыз».

Сонымен бірге, вице-министр Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізіп отырған «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы15 мыңға жуық адамды кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытуды қолға алғандарын және биыл жаппай оқыту бағыты бойынша 100 мыңнан астам адамның білім алатынын мәлім етті.

Еске сала кетсек, ҚР еңбек және халықты қорғау вице-министрі ағымдағы жылы электронды еңбек биржасының іске қосылатынын хабарлады. Аталған биржа қазіргі enbek.kz порталы негізінде жұмыс істейді. Онда жұмыс іздеп жүрген азаматтар мен бос орындар туралы толық ақпарат жарияланады. Сонымен бірге, жұмыс іздеушілер үшін жеке электронды кабинеттер ашылып, онлайн режімде сұxбаттасуды ұйымдастыру қызметтері де қолжетімді болады. 

Соңғы жаңалықтар