Елордалық ҚХА су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Ақмола облысының Астрахан ауданына гуманитарлық көмек көрсетті, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты .

Биыл Ақмола облысының Атбасар, Сандықтау, Астрахан аудандарындағы кейбір елді мекендерді су басып, тұрғындар қиын жағдайды бастан кешіруде.

Жалпы, Астрахан ауданында 112 үй су астында қалған. 280 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның ішінде 89 бала бар. Осындай қиын жағдайға қалған ағайындарға «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола облысының Қызылжар, Новый Колутон елді мекендеріне гуманитарлық көмек жасады.

«Қайырымдылық - халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа - жан риза» дегендей су тасқынынан зардап шеккендерге қамқорлық жасау, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу, әрбір адамның азаматтық парызы емес пе? Міне енді біздің қалалық нұротандықтар Ақмола облысына аттанып барады», - деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еділ Мамытбеков елордадан Ақмола облысына гуманитарлық жүк керуенін шығарып салу салтанатында.

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының бұл гуманитарлық бастамасына елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері өз үлестерін қосты. Жалпы құны 8 миллион болатын тұрмысқа қажетті заттардың ішінде киім-кешек, төсек-орындар, аяқ киім және ұн, макарон, қант, күріш сияқты азық-түлік бар. Осыншама гуманитарлық көмек жасауда «BIG Шанхай» базарының басшысы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Қайырлы Тәукеннің қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Ол базарда сауда жасайтын 5 мыңға жуық арендатор- саудагерлерге «Жақаныңа жәрдемдес» акциясы негізінде үндеу тастады. Соның негізінде базарда жұмыс істейтін 12 ұлттың өкілі су тасқынынан қиындық көрген халықтың жағдайына түсіністікпен қарап, өз көмектерін аямай заттай да, ақшалай да берді.

Гумантиарлық жүк көлігі алдымен Астрахан ауданының Новый Колутон елді мекеніне келді. Мұнда 17 үйді су басқан. Жұртшылықтың көңілі жабырқаулы болғанымен, азық түлік тиелген жүк көлігін көрген көңілдері біршама көтерілді.

«Құрметті ағайындар, бауырлар, біз нұротандықтар сіздердің қиын жағдайға қалғандарыңызды естіп, қол қусырып қарап отыра алмадық. Астанадан арнайы көмек қолын созуға келдік. Өмірдегі ең игі істердің бірі - мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір - біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды емес пе. Сондықтан бүгінгі әкеліп отырған киім-кешек пен азық-түліктер елордадағы бауырларыңыздың жомарт жүректен шыққан ізгілік ниеті,- деді мәслихат депутаты Қайырлы Тәукен.

Бұдан кейін Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова да сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты шыдамдылыққа шақырып, өзінің жылы лебізін білдірді.

Мұнан кейін кейін нұротандықтар Қызылжар елді мекеніне келді. Мұнда 800-ге жуық халық тұрады. 28 үй су астында қалыпты. Адамдар аман, қорадағы малдары да шығынсыз. Жеткізілген азық-түлік пен киім- кешектер жұртшылыққа түгелдей үлестірілді. 

Соңғы жаңалықтар