Елордада жасыл экономикадағы жаһандық трендтер талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Болашақ энергиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық серіктестік  орталығының  Қазақстандағы Франция Елшілігімен бірлесіп  өткізген шараға қатысушылар жасыл экономикадағы жаһандық трендтерді, жаңартылатын энергия саласындағы француздық инновацияларды талқыға салды.

«Бүгінгі дөңгелек үстел тақырыбы өте маңызды. Бүкіл әлемнің  жоғары басқарушы кадрлары климаттық және экологиялық міндеттерді шешуге өздерінің ұмтылатындығын көрсету тиіс. Франция мен Қазақстанның талаптары ортақ болып келеді. Сондықтан дәл осы мәселені сіздермен бірге талқылау мен үшін барынша маңызды. Экологиялық мәселелер  экономикалық та, экологиялық та деңгейде 21 ғасырдың сын-қатері саналады. Бұл әлемдік ауқымдағы  проблема», - деді дөңгелек үстелдің ашылуында сөз сөйлеген Францияның Қазақстандағы Елшісі Филипп Мартинэ.

Осы ретте шетелдік дипломат өнеркәсіптік өндіріс ошақтары жақын арада экологиялық проблемаларды шешумен қатар оның алдын алу жолдарын да ойластыруы қажеттігін баса айтты.

«Бүгінде климаттық іс-шаралардың стратегиялық секторы нақты айқындалған. Ол - жаңаратын энергия көздері, ауыл шаруашылығында, көлік саласында  инновация енгізу. Бұл тізімге коммуникацияларды да қосар едім. Өйткені, климаттың өзгеруі проблемаларына және оның адамның денсаулығына әсеріне назар аударту қажет», - деді Филипп Мартинэ.

Дөңгелек үстел барысында Назарбаев Университетінің профессоры Филипп Форре «Қазақстан және жаңа энергия» тақырыбында, ал француздық профессор Жан-Пьер Корьде «Жаңаратын энергия саласындағы француз инновациялары» тақырыбында баяндама жасады.

Соңғы жаңалықтар