Елордада үздік архивист белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Мемлекеттік архивте «Ең үздік архивист» байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап. 

Сайыс 23 сәуір мен 25 сәуір аралығында жарияланған болатын. Конкурсқа  Мемлекеттік архивтің 16 мекемесі қатысты.

Байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар анықталды. Астана қаласы ЖҚТБ-ның алдын алу және бақылау орталығының архивисі Шарипа Төлебаева бас жүлде, Қиын жағдайдағы адамдар үшін оңалту орталығының архивисі Әділхан Бексұлтанов 1-орын, «Астана бас жоспар ғылыми зерттеу жобасы институты» ЖШС архивисі Светлана Репина 2-орын, Астана қаласы Дерматология және жыныс қатынасы ауруларын алдын ала емдеу орталығы архивисі Бану Ахметова 3-орынды жеңіп алды. Ал қалған 12 мұрғаат қызметкеріне алғыс хаттар табыс етілді. 

«Қоғам дамуының түрлі сатыларында билік органдарының мемлекеттік саясаты мен стратегиялық мақсат мүдделеріне тиісінше басымдық беріледі. Міне, сондықтан да болар, архивистерге өткен ұрпақ қалдырған байлықтарды көздің қарашығындай сақтау, мемлекетіміздің өсу жолындағы кемел істерді бар болмысымен көрсету, оның өркениетті дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай болуын ескеру міндеттері жүктелген», - деді қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Байқау қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Астана қаласының Мемлекеттік архивінде елорданың 20 жылдығына арналды. 

Соңғы жаңалықтар