Еліміздің 4 облысында жолды су басуына байланысты көлік қозғалысы шектелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық маңыздағы жолдарда су тасқынына байланысты көлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазавтожол» РМК-ның мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлайды. 

Бүгін 4 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты «Семей-Қайнар» автожолында барлық көлік құралдары үшін қозғалыс шектелді. Жолды «Семей-Қарауыл» бағыты арқылы айналып өтуге болады.

Қарағанды облысында су тасқынына байланысты жолдың 166+750 км-ін су алып кеткен. Осыған байланысты «Ақшатау-Ағадыр» автожолының 90-167 км-інде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды. Жолды «Қарағанды-Ақсу-Аюлы-Ағадыр» бағыты бойынша айналып өтуге болады.

Павлодар облысы бойынша, «Қалқаман-Баянауыл-Керней-Ульяновск» бағытының 58-138 км-і Майқайың ауылы мен Баянауылға дейінгі аймақта жол қозғалысы барлық көлік түрлері үшін жабылған. Айналма жол облыстық маңыздағы жол арқылы Жаңажол ауылы мен Екібастұз қаласын кесіп өтеді.

Оңтүстік Қазақстан облысында жол қозғалысы барлық көлік түрлері үшін «Самара-Шымкент» автожолының бойында шектелді. Мұнда Арыс өзені арқылы өтетін көпірдің жақтауларын су алып кеткен. Жолды Темірлан ауылы арқылы айналып өтуге болады.

Аталған жол учаскелерінің барлығында нығайту жұмыстары жүргізіліп, арнайы белгілер қойылып жатыр. Тәулік бойына кезекшілік қойылған. Ауа райының бұзылуына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы жолдарға қойылған шектеулер алынып тасталды. Қазір бұл аймақтардағы жолдар ашық.

Соңғы жаңалықтар