Елімізде бірқатар мемлекеттік функцияларды азаматтық секторға беру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-ші қадамын жүзеге асыру аясында бағалау қызметі бойынша 4 мемлекеттік функцияны және экологиялық аудит мәселелері бойынша 2 мемлекеттік функцияны азаматтық секторға беру ұсынылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айбатыр Жұмағұлов хабарлады.

Оның айтуынша, алғашқы кезеңде бәсекелестік ортаға берілуі тиіс фунциялар екі топқа бөлінген.

«Алғашқы топқа ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі сынды мекемелердің 38 функциясы енді. Ондағы 20 функцияны өзін-өзі реттеу ұйымдарына тапсыру, қалған 18 функцияны өзге тәсілдермен беру жоспарланды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша, Сараптама тобы 6 мемлекеттік функцияны бәсекелестік ортаға беруді ұсынып отыр. Қалған функцияларда бірқатар даулы мәселелер болғандықтан, оларды ведомствоаралық комиссияда көтеруді ұсынамыз», - деді вице-министр.

Өзге тәсілдермен беріледі деп ұйғарылған функциялар арасынан Сараптама тобы көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына азаматтардың қанағаттанушылық деңгейін анықтау бойынша және Қазақстан және оның халықаралық нарықтағы туристік мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату бойынша 2 мемлекеттік функцияны азаматтық секторға беруді ұсынды.

Еске сала кетсек, кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп отырған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-ші қадамында көрсетілген. Оны жүзеге асыру үшін 2016 жылдың қаңтар айында арнайы комиссия құрылды. Аталған шараларды орындау мемлекеттік функцияларды қысқартуға, азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне қатысуын кеңейтуге, жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеуді дамытуға, сонымен қатар, мемлекеттің шығындарын азайтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар