Елбасының АҚШ-қа сапары стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі - ӘЭСИ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 16 қаңтар күні басталған Америка Құрама Штаттарына ресми сапарын сәтті өтті деп бағалауға болады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының Әлемдік экономика және саясат институты айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған орталық жариялаған пікірге қарағанда, «Қазақстан мен Америка президенттерінің жеке кездесуі екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас тарихының жаңа парағын ашып, бірқатар нақты нәтижелер әкелді.

«Біріншіден, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті орнату жөнінде ортақ саяси шешімдер қабылданды. Бұл биыл 26 жыл толатын екі ел арасындағы жемісті серіктестік одан әрі тереңдей түсетінін білдіреді.

Астана үшін Вашингтон сыртқы саясаттағы негізгі серіктес әрі экономикадағы маңызды инвестор болып табылады. Өз кезегінде Дональд Трамп атап өткендей, Америка қуатты, дербес және тәуелсіз Қазақстанды АҚШ-тың Орта Азиядағы сенімді досы әрі стратегиялық серіктесі ретінде қарастырады, - делінген хабарламада. - Бұл жерде экономикалық мәселені де атап өту қажет. Келіссөз қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында Мемлекет басшысы жалпы сомасы $7,5 млрд асатын 20 келісімшартқа қол қою көзделгенін атап өтті. Астана АҚШ-пен жоғары технологиялар мен инновациялық өндірістер трансферті бойынша байланысты дамытуға мұқтаж екені жасырын емес. Бұл тұрғыдан алғанда, жаңа келісімдер Қазақстанға экономикадағы «цифрландыру» мәселесін жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сеніммен айтуға болады.

Екіншіден, Д. Трамп пен Н. Назарбаев АҚШ пен Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті күшейту бойынша ортақтаса әрекет ететіндіктерін растады.

Бұл Қазақстан мен АҚШ күштерін Ауғанстан бойынша біріктіруді білдіреді. Сонымен бірге, Қазақстан терроризмге қарсы күрестегі АҚШ талпыныстарын қолдайтынын мәлімдеді. Екі ел басшылары Солтүстік Кореядағы ядролық мәселе бойынша ортақтаса жұмыс істейтіндерін де атап өтті.

Үшіншіден, Қазақстан мен АҚШ «С5+1» аймақтық диалог алаңы аясындағы серіктестік дамыту туралы келісімге келді. Бұл тұрғыда аталмыш алаң жұмысынан жаңа бастамалар күтуге болады», - дейді.

Жаңа әкімшілік өз жұмысын бастап, Д. Трамптың «Алдымен Америка» ұраны тасталған соң, Орталық Азияда Вашингтонның аймаққа деген қызығушылығының төмендеуі туралы көп айтылды. Алайда, Н.Назарбаевтың сапары мен оның Д.Трамппен кездесуі Вашингтон үшін аймақтың жоғары деңгейде тұрғанын анық көрсетті.

Соңғы жаңалықтар