Елбасы жолдауы болашаққа жол сілтейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат. Қазақ елінің 2050 жылға дейінгі даму бағыттары айқындалған жолдаудың маңызы өте зор. Бұл мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғырту­дың ауқымды бағдарламасы.

Осы ретте тарих өлшемімен салыстырғанда, қас-қағымдай уақыт - тәуелсіздіктің  жиырма бір жылында еліміз қол жеткізген, жолдауда атап айтылған табыстарға қысқаша тоқтала кеткен жөн: «Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Елдің жаңа елордасы - Астананы салдық. Біз «Алдымен экономика - cодан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды.

Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негіз­делген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біз елімізге 160 млрд доллардан астам шетел инвес­тициясын тарттық. Стратегия - 2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз. 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды».

 Осы жылдарда Қазақстанда: «Білім алуға тең мүмкіндіктер жасалуда. Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақмерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік». Әлемдік саясатта біздің еліміз - талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес.

Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына және ұжымдық қауіпсіздік ұйымына төрағалық етті. Астана экономикалық форумында біз диалогтың жаңа форматын - G-global-ды ұсындық. Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық.

Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз. Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Осындай жауап­ты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болып танылды». Мемлекет басшысы Жолдауда осыдан дәл 15 жыл бұрын қабылданған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының мерзімінен бұрын орындалғандығын атап өтті.

Оның басты қорытындылары: «Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық. Бізде көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар. Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде.

Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90%-ы - жеке иелікте. Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті.

Елбасы Жолдауында біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі - жаңа қазақстандық патриотизм екендігі айтылды. Соңғы уақытта халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Бізде сенім бостандығы бар, бірақ соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Сондықтан біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістердің алдын алу, дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетіне тыйым салатын іс-шаралар жоспарын жасауымыз керек.

Осы бағыттағы мемлекеттік деңгейдегі жұмыстарды әрі қарай дамыту - ел іргесін нығайтып, дамыған елдер көшіне ілесуге серпін береді деп сенеміз.

 

Соңғы жаңалықтар