Елбасы Жолдауы болашаққа бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы да қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары ғана емес, сондай-ақ болашаққа, «Қазақстан-2050» страте­гиясы мақсаттарына бастайтын басты жол екендігі анық. Бірінші жаңғыру Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау кезеңдерімен тұспа-тұс келді.

Ол жылдары жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға батыл қадам жасалып, аз шығынмен зор жетістіктерге қол жеткіздік. Ал екінші жаңғыру тұсында елордамыз Астанаға көшіріліп, «Қазақстан-2030» стратегиясы қабылданды. Бұл жылдары да мемлекетіміз елеулі табыстарға жетіп, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді.

Үшінші жаңғырудағы бірінші басымдық - экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Соның негізінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдау тапсырылып, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту жүйесін енгізудің басымдықтары ескерілді. Бұл заман талабына сәйкес, жаһанданудың жарқын үлгісі болып, мекемелердегі жұмыс барысын жеделдетумен қатар сапасын арттыруға арналады.

Елбасы екінші басымдықта өндіріс салаларындағы экспорттық өнімдерді арттыру мәселесін қозғаған. Яғни 2025 жылға қарай экспорттық шикізаттық емес өнімді 25%-ға арттыру мақсаты алға қойылып, импорттық заттардың пайыздық мөлшерлемесін төмендету арқылы дүниежүзілік саудаға кешенді үлес қосуды меңзеп, жұмыс орындарын көбейтуді қолға алудың маңызы жайында айтылады.
Үшінші маңызды межеге тау-кен, мұнай-газ кешендерінің жұмысын жандандыруды қойып, шикізатты қорыту, оның экономиканың өрлеуіне тигізер септігін молайту туралы тұшымды тапсырмалар берілген. Сондай-ақ жылдың соңына қарай Жер қойнауы туралы арнайы заң қабылдауды қатаң тапсырды. Әрине, табиғи байлыққа бай Қазақстанның жер кеніштерін игілікпен игеру мемлекетіміздің даму жолын айқындап, бірыңғай қалыпқа салып, көздеген мақсаттарға жетуге игі әсер етсе керек.

Аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі нақты қадамдар бүгінде ауылшаруашылық саласы мамандарының арасында қызу талқыға салынып, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілерінің біріне айналуы тиіс. Ол үшін мемлекет басшысы тапсырмасымен «Made in Kazakhstan» брендімен экологиялық таза өнімдер шығару мақсатында жер-жерлерде көрмелер ұйымдастырылып, таза өнім сапасын арттыру қолға алынуда.

Жолдауда адами капитал сапасын жақсарту басымдығы атап көрсетілген болатын. Мұнда білімнің сапасын арттыру және қала мен ауылдың білім беру жүйесі алшақтығын болдырмау туралы мәселе қозғалады. Әлемдегі ақпараттың 90%-ы ағылшын тілінде тарайтындықтан, жоғары сыныптарда барлық негізгі пәндерді ағылшын тіліне ауыстырудың мәні мен маңызы туралы терең түсіндіріледі. Сондай-ақ Жолдауға сәйкес арнайы білім алмаған ересектерге кәсіптік тегін білім беру мүмкіндігі жасалуда. Әрине, оны пайдалану әр азаматтың өз құзырында екендігі белгілі. Демек, жұмыссыз қалған азаматтарға қосымша тегін білім алу арқылы жаңа мамандық игеруге жол ашылады деген сөз.
Иә, Елбасының әр жылғы Жолдаулары мемлекетіміздің болашаққа қарай бағытының түзу болуына негізделген негізгі нұсқаушы құжат. Ал ондағы тапсырмалар әр азаматтың келешегінің кемел де жарқын болуына барлық мүмкіндіктерді тудыратыны айқын. 

Соңғы жаңалықтар