Елбасы ұсынған конституциялық реформа дер кезінде қолға алынды - Әбдіров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы ұсынған конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді. Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда талқылау барысында депутат Нұрлан Әбдіров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Парламенттің бүгінгі отырысы сипаты жағынан - тарихи, мазмұны жағынан - тағдырлы. Біз қазақстандық қоғамның, мемлекеттің саяси жүйесі дамуының жаңа бағытының жобасын қараудамыз. Сонымен бірге бүгін біз Қазақстан дамуының осыған дейін жүріп өткен жолын аяқтап, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының тағы бір бетін аудардық. Ұсынылып отырған заң жобасында көрініс тапқан, дамудың жаңа сатысына бастаған тарихқа қадам жасадық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы шешімді алғаш рет жария еткен кезде, сөзін «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым» - деп бастаған болатын. Елбасымыз ұсынған конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді. Өйткені өркениет көшінен қалмай саяси жүйені одан әрі жетілдіру - бұл заман талабы»,- деді заң жобасын қарау жөніндегі Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының төрағасы, депутат Нұрлан Әбдіров.

Ол осы конституциялық реформа идеясына Қазақстан қоғамдық қатынастардың дамуына қарай, кезең-кезеңмен ілгері басқанын атап өтті. Елбасы ұсынған конституциялық реформаның негізгі мәні мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу болып табылады.

«Бұл ретте, реформаның басты мақсаты - атқарушы билік тармағын неғұрлым тиімді, жауапты әрі жедел ету және анық президенттік басқару нысаны мен президенттік билік вертикалін сақтай отырып, Парламенттің бақылау функцияларын күшейту. Ұсынылған конституциялық түзетулер мемлекет пен қоғамның тарихи даму қисынына сай келеді. Өткен кезеңнің ең маңызды сатыларының бірі 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау болды.

Ол халықтық егемендік арқылы көрініс табатын демократизм, идеологиялық және саяси алуантүрлілік, жергілікті өзін-өзі басқаруды мойындау және қамтамасыз ету, құқықтық мемлекетті бекіту сияқты конституциялық құрылыстың негіздерін бекітіп берді. Қолданыстағы Конституция қабылданғалы 22 жылға уақыт өтті. Осы уақытта еліміз өз дамуында орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық бағыт бойынша орнықты әрі кезең-кезеңмен ілгерілеу арқасында, Қазақстан қазір 1995 жылмен салыстырғанда мүлдем басқа елге айналды»,-деп тоқталды ол.

Н. Әбдіровтің пайымынша, бүгінгі таңда еліміз еуразиялық кеңістікте мүлдем жаңа лайықты мәртебесі мен орасан зор перспективасы бар қуатты мемлекет болып табылады. Және де осы кезеңде әлемнің барынша дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді қамтамасыз ету негізгі мақсат болып отыр.

«Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа барынша дер кезінде қолға алынды әрі аса қажеттіліктен туындап отыр. Оны іске асыру үшін бізде барлық қажетті зияткерлік және ресурстық әлеует жеткілікті»,-деді ол. 

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы екінші оқылымда қабылданды.   

Соңғы жаңалықтар