Елбасы шетелдік қазақ балалары үшін стипендиялық бағдарлама енгізуді жүктеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы барысында шетелдік қазақ балалары үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізуді жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, өсіп келе жатқан жастарға қолұшын беру қажет. Біз шетелдегі қазақ бауырларымыздың балаларына Қазақстанда білім алуларына бар жағдайларын жасаумыз керек. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады, өздеріңіз білесіздер. Үкіметке қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырамын», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда білім мен ғылымға өте көп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Тәуелсіздік жылдар ішінде 1500 мектеп салынды. Көптеген жоғары оқу орындары бой көтерді.

«Дүниежүзі университеттерімен терезесі тең университеттер салынды. Назарбаев Университеті, Қазақ-Британ университеті, КИМЭП деген, IT-технологиялар сынды университеттер бар. Бірақ естеріңізде болсын, ол университеттерге түсу оңай емес. Егерде білімі жетпейтін болса, ол балаларға біршама дайындық оқытулардан өткізуіміз керек. Себебі қанша оқуға алғанменен, игере алмайтын болғаннан кейін, оқудан шығып кетеді, оны біз білеміз. Шетелдік қазақ студенттері үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу керектігін айтып отырғаным осыдан. Қай елдің азаматы болса да, елде оқыған қазақ баласы ертең, әрине, Қазақстанға қызмет етеді», - деді Президент Құрылтайдың ашылу салтанатында.

Айта кетейік, Астанада Елбасының қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтуде.

Соңғы жаңалықтар