Елбасы мақаласы туралы шетел басылымдары не деді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген қазақ тілін латын әліпбиіне көшу мәселесі бірқатар шетелдік басылымдардың назарын аударды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымы жазады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Назарбаев Қазақстанды латын әліпбиіне көшуге дайындай бастады» атты мақалада BBC былай деп жазады: «Өзінің «Егемен Қазақстан» газетіндегі авторлық мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке қазақ әліпбиін латиницаға көшіруге дайындықты бастау туралы тапсырма берді».

Бұдан әрі басылым «Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» деп жазады Президент дей келе мақаладан бірнеше үзінді келтіреді.

Сонымен қатар BBC Russian Назарбаевтың бұған дейін қазақ тілі әліпбиінің саяси себептермен ауыстырылғаны туралы сөзіне тоқталады. Басылым қазақ әліпбиінің латын нұсқасын Түркиядағы және бірқатар батыс елдеріндегі қазақ диаспорасы қолданатынын, бірақ оның ресми мәртебесі жоқ екенін айтады.

«Мұнымен қатар қазақ тілінің арабша әліпбиі бар, оны да көбіне шетелдік қазақтар қолданады. Ал Қазақстанда 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиі «Яна Алиф» немесе «Жаңа түркі әліпбиі» деп аталды. Латиницаға көшу туралы бастаманы 2007 жылы Президент көтеріп, содан бері талқыланып келеді» деп жазады ВВС.

Елбасы мақаласында көтерілген мәселе туралы ресейлік бірнеше басылым хабарлады. «Коммерсант» газетінің сайты «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке осы жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиін латиницаға көшіру кестесін жасауды ұсынды» деп жазды.

Басылым Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай барлық іс қағаздары, мерзімді басылымдар мен кітаптарды латынмен шығаруды тапсырғанын айтады. Сонымен қатар «Коммерсант» Нұрсұлтан Назарбаевтың латиницаға көшу «қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген пікірін, сонымен қатар Қазақстан мектептерінде ағылшын тілі арқылы латын әріптері оқытылып жатқаны, сондықтан жас буынға латиницаға көшудің еш қиындығын болмайтыны туралы сөзін келтіреді.

«Назарбаев қазақ әліпбиін латиницаға көшіруге тапсырма берді» деген тақырыппен Ресейдегі танымал интернет-басылымдардың бірі Lenta.ru ақпарат берді.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке қазақ әліпбиін латиницаға көшіру кестесін жасауды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында айтылады» дейді басылым.

Lenta.ru бұрынғы КСРО республикаларында тұратын қазақтардың бүгінде кириллицаны, ал латынды шетелдік қазақтар диаспорасы қолданатынын айтады. Сонымен қатар Президенттің латиницаға көшу мәселесі туралы бұған дейінгі пікірлеріне тоқталады.

«Латиницаға ауысу туралы Назарбаев алғаш 2012 жылғы желтоқсанда айтқан болатын. «Бұл қазақ тілін дамытып қана қоймай, оны заманауи ақпараттың тіліне айналдырады» деген-ді ол кезде. Президент елде мемлекеттік тілді дамыту шаралары біртіндеп жүретінін, бірақ ешкімді тіліне немесе этникасына байланысты кемсіту болмайтынын айтқан болатын» дейді материал авторы.

Президент Назарбаевтың латынға көшу тапсырмасы туралы басқа да көптеген ресейлік БАҚ хабар берді.

Оның ішінде «Известия» (2025 жылға қарай Қазақстан кирилл әріптерінен толығымен бас тартпақ»), «Независимая газета» («Назарбаев қазақ әліпбиін латиницаға көшіруді тапсырды») газеттері, «Интерфакс», «РИА Новости» ақпарат агенттіктері бар.

Қазақстан басшысының бүгінгі тапсырмасы әзербайжан басылымдарының да назарын аударды. Report.az ақпарат агенттігі бұл мәселе туралы «Қазақстанның латын әрпіне көшетін уақыты белгілі болды» деген тақырыппен ақпарат берді.

«2018 жылдан бастап Қазақстан мектептерінде латын әріптерімен жаңа оқулықтар дайындалуы керек. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында айтты.

«Біз латын әріптеріне көшуді бастаймыз. Үкімет осы мақсатта жұмыстарға кірісуі керек. Ғалымдар және осы сала мамандарымен ақылдасқаннан кейін 2017 жылдың соңына қарай латын әрпіне көшудің бағдарламасы дайын болады» деді президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, алғашқы кезде латын әліпбиі де, кирилл әріптері де қатар жүреді. Қазақстан 1929-1940 жылдар аралығында Қазақстанда латын әліпбиі қолданылды. 1940 жылдың 13 қарашасында кирилл әріптеріне көшірді. Бұл сол кездегі саяси қадам еді» деді мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, латын әріптеріне көшуді Мемлекет басшысы 2007 жылы көтерген еді» деп жазады әзербайжандық басылым.


Материалдарды дайындаған Ержан Әбдіраман

Соңғы жаңалықтар