Елбасы Қазақстанда өтетін халықаралық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесуде Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзге құқық қорғау органдарымен бірлесіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шараларды атқарып жатқанын баяндады.

Қазақстан Президенті алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» көрмесімен қатар әлемдік деңгейдегі басқа да ауқымды шаралар өтетінін еске салды.

- Биыл бірқатар халықаралық іс-шаралар болады. Мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, парламент мүшелері, сондай-ақ шет елдерден және өз елімізден туристер көптеп келеді деп жоспарланып отыр. Осыған орай, сол іс-шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет. Ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне назар аудару керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы басқа елдерде болып жатқан террорлық актілерге тоқталып, ондай жайттарға жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізу, соның ішінде шет елдердегі әріптестермен өзара іс-қимыл орнату қажеттігін айтты.

К.Мәсімов Елбасыға мұндай ауқымдағы іс-шараның қауіпсіз өтуі, сондай-ақ терроризммен және діни экстремизммен күрес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, басқа да құқық қорғау органдарының ұдайы бақылауында болатыны жөнінде мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар